Павлодарлық студенттер цифрлық инклюзивті экожүйе әзірледі

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мобильді қосымша навигациядан бастап, әлеуметтік қызметтерге қол жеткізуге дейінгі бірнеше қызметті біріктіреді. Жаңа жүйенің тағы қандай мүмкіндіктері бар? 

Павлодарлық студенттер мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған цифрлық ортаны жақсартып келеді. Олардың мақсаты – бұл жүйені күнделікті өмірде оңай әрі ыңғайлы қолдануға болатындай ету. Қосымшада инватакси қызметі, Қазақстандағы қолжетімді орындардың картасы және адамдардың бір-бірімен сөйлесіп, танысуына арналған платформа біріктірілген.

Станислав Кириченко, студент:

- Мен өзім де мүгедектігі бар адаммын, сондай-ақ осындай жағдайдағы достарым бар. Солардың бірі маған мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы мессенджер жасауды ұсынды. Осыдан кейін серіктесім Ислам Көленовпен бірге бұл идеяны жүйелеп, барлық қызметті бір қосымшаға біріктіріп, тұтас экожүйе құруды ұйғардық.

Бүгінгі күні жаңа қосымшаны мыңға жуық адам пайдаланып отыр. IT саласы мамандарының айтуынша, олардың қатары күн санап артып келеді.

Данияр Мамытбек, «Pavlodar hub»  өңірлік менеджері:

- Жастардың бұл жобасы әсіресе мүгедектігі бар адамдар үшін өте өзекті. Олардың қалада кедергісіз жүріп-тұруын қамтамасыз етеді. Әрине, жаңа жоба болғаннан кейін жетілдірер тұстары да жоқ емес. Келешекте аға буын өкілдеріне бейімдейді деп үміттенеміз.

Жоба авторлары болашақта инватакси қызметін Қазақстанның барлық өңірінде қолжетімді етуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар қосымшаны жетілдіріп, оны әсіресе егде жастағы адамдарға түсінікті әрі  қолайлы етпек.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Бүгінде цифрлық шешімдер өміріміздің маңызды бөлігіне айналды. Олар қызметтерді оңай алуға көмектесіп, адамдарға, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға, білім алуға, жұмыс істеуге және өзара байланыс орнатуға кең мүмкіндік береді. Мұндай қызметтердің қарапайым болуы аса маңызды. Себебі жасы үлкен адамдарға жаңа технологияларды меңгеру кейде қиынға соғады. Сондықтан мамандар цифрлық қызметтердің түсінікті әрі қолдануға жеңіл болуын қажет деп санайды.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев