Әскери дайындық пәні жаңарады
Қолына қару алып, сарбаз болып сап түзеп көрмеген оқытушылар оқушыларға алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беріп жүр.
Елімізде балаларды Отан алдындағы борышын өтеуге дайындайтын 5 мыңға жуық мұғалім бар. Алайда оның 16 пайыздан астамы әскерге бармаған. Одан өзге оқу кабинеттері ескіріп, қажетті құрал-жабдықтары да тозған. Осындай олқылықардың орнын толтыру мақсатында алғашқы әскери дайындық жүйесіне ауқымды реформа енгізілуде. Бұдан былай тереңдетілген дайындық беретін мектептер әскери бөлімдермен тығыз жұмыс істейді. Сонымен бірге алдағы 3 жылда еліміздің әр өңірінде 20-ға жуық әскери мектеп ашылмақ.
Ғалымбек Қожахметов, Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі:
- Автоматты бұзып-шашып жинауды үйрену. Әскери атақтарды білу. Ел алдындағы борышын өтеу. Оны біз күнде патриоттық тәрбиемен айтып отырамыз. Бұл бастаманы қолдаймыз. Өйткені болашақтағы сарбаздар мектептен бастау керек дайындықты.
Мектептерде оқытылатын әскери дайындық пәнінің атауы өзгеріп, оқу мазмұны жаңарады. Қазір құжат министрліктің қарауында жатыр. Жұмыстарды толық іске асыру үшін 1 жарым жыл қажет. Айта кетейік, бүгінде елімізде аталған пән 6 мыңға жуық мектеп пен 700-ден астам колледжде оқытылады.
Бекжан Абылайхан, 10-сынып оқушысы:
- Мен мысалы әскерге барғым келіп жүр. Болашақта бұл сабақтың маған көмектесетін жерлері - мен әскерге барғанда басқа жігіттерден көп нәрсе біліп тұрамын. Ол жердегі менің деңгейім көбірек болуы мүмкін. Себебі мен осы жерде үйреніп, білім қалдым ғой.