Алматы облысында алма ағаштары гүлдей бастады
Алматы облысында алма ағаштары гүлдей бастады. Жылдың осы мезгілінде Алатау баурайындағы әсем бақтар алқызыл гүлге оранады.
Мемлекет басшысының алма бақтарын қалпына келтіру туралы тапсырмасына сәйкес, елімізде бақтардың аумағы жыл сайын ұлғайып келеді. «Таза Қазақстан» респубикалық акциясы аясында Талғар ауданында көшет егу жұмыстары өтті. Оған 100-ден астам адам қатысты.
Алматы облысында алма бақтарды қалпына келтіру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Өңірде 7 мың гектар алма бағы болса, соның 2,2 мың гектары интенсивті бақтар. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай алма бақтары гүлдей бастады.
Талғар ауданындағы «Баймене» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз жұмысын осыдан он шақты жыл бұрын 30 гектар жерді игеруден бастады. Бұл шаруашылықтың 110 гектар алма бағы, 5100 тонна алма сақтайтын қоймасы бар. Қазір 100 шақты адам жаңа көшет егу жұмыстарына жұмылдырылған.
Георгий Чернышов, «Баймене» ЖШС агрономы:
- Біз негізінен алманың сұранысқа ие болған 4 түрін өсірумен айналысамыз. Соның арқасында ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп, көршілес Ресейге алма экспорттап отырмыз. Интенсивті бақтардың бір айырмашылығы адам күшін көп қажет етпейді. Шаруашылықты кеңейту мақсатында болашақта жаңа сорттарды әкеліп, жерсіндірмекшіміз.
Евгений Камбаров, «Баймене» ЖШС директоры:
- Қазір алманың «Голден делишес» тұқымы жаппай гүлдеп жатыр. Әзірге ауа райы өте қолайлы болып тұр. Біз қолданатын технологиямен 1 гектар алма бағын жасақтау үшін 50-60 мың еуро көлемінде қаржы жұмсалады. Оның ішіне тамшылатып суғару технологиясы да кіреді. Одан кейінгі күтіп-баптау жұмыстарына қаржыны бөлек қарастыруға тура келеді.
Шаруашылық алма өсіріп, өңдеп, дайын өнімге айналдыруға дейінгі үдерістерді толық атқарады. Еліміз бойынша жалпы аумағы 35 мың гектардан астам алма бағы бар. Алайда алынған өнімді сақтайтын қоймалар аз. Мемлекет басшысы үкіметке аграрлық шикізаттың 70 процентін қайта өңдейтін дәрежеге жеткізу туралы тапсырма берген болатын. Ол үшін Қазақстандағы шаруашылықтар осындай терең өңдеуге арналған алма тұқымдарын өсіру ісін қолға алуы қажет.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов