Астанада үлескерлер баспанасына кіре алмай жүр
Елордада «G-Park» құрылыс компаниясына тиесілі «Вашингтон» тұрғын үй кешенінің бірқатар үлескері көптен күткен баспана кілтін қолына алды.
Алайда өздеріне тиесілі пәтеріне іс жүзінде кіре алмай жүр. Ал кейбір клиенттермен алдын ала жасалған келісімді құрылыс компаниясының өкілдері біржақты тәртіппен бұзған. Ал компания өкілдері телеарна тарапынан жолданған ресми хатқа жауап беруден бас тартты.
Елордалық Данияр Дүкенбаев «G-Park» құрылыс компаниясына тиесілі «Вашингтон» тұрғын үй кешенінің үлескері. Өткен жылдың қараша айында пәтерін сатып алды. Бірақ одан ешқандай шарапат көрмей отыр. Өйткені сол кезден бастап бүгінгі күнге дейін жылжымайтын мүлік ішіне ешқандай коммуналдық желі тартылмаған.
Данияр Дүкенбаев, қала тұрғыны:
- Ішіне ешбір коммуналдық желі тартылмаған тұрғын үй кешені қалайша мемлекеттік тіркеуге алынды деген сұрақ туады. Қаншама адам сол кезде несие алып, қазір төлеп отыр. Осының барлығы бізден ақша жинап алу үшін жасалған ба? Құрылыс компаниясы осы мәселені көтерген кейбір белсенді үлескерлермен келісімді біржақты тәртіппен бұзды. Бұл әрекеттерін түсіндіруден бас тартып, халықпен кері байланыс орната алмай отыр.
Сондай үлескерлердің қатарында Ақдинаш Серімбетова бар. Ол 2021 жылы Джи-Парк құрылыс компаниясымен алдын ала сатып алу келісіміне қол қояды. Бірақ құрылыс мерзімі ұзаққа созылып кеткен соң, компания өкілдері Ақдинашпен жасалған келісімді біржақты тәртіппен бұзады.
Ақдинаш Серімбетова, қала тұрғыны:
- Алдын ала пәтерді броньдау туралы өтініш хат жазбауыма және негізгі құжатқа қол қоймауыма байланысты келісім шарт бұзылды. Алайда тұрғын үй кешені іс жүзінде толық бітпей пайдалануға берілмеген болса, қалайша менімен жасалған алғашқы келісімді біржақты тәртіппен бұзды? деген сауал туады.
Анель Омарова алғашында Джи-Парктің «Дублин» тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алғысы келген. Алайда ол жақта түйткілдер туындап, құрылыс компаниясы «Вашингтон» тұрғын үй кешенінен пәтер ұсынған. Былтыр баспана кілтін қолына алғанымен коммуналдық желілер тартылмағандықтан жаңа үйіне қоныс аудармақ түгілі, жөндеу жұмыстарын жүргізе алмай отыр.
Анель Омарова, қала тұрғыны:
- 2025 жылдың қараша айында ипотека рәсімдедім. 5 ай бойы несие төлеп келемін. Жылу желісі тартылмаған соң, қабырғалары суып кеткен. Жөндеу және сылақ жұмыстарын жүргізу мүмкін емес.
Жоғарыда айтылған мәселелердің қашан шешілетінін білу үшін үлескерлермен бірге Есіл ауданы әкімдігіне бардық. Ондағылар кабинет ішінде бейнетүсірілім жүргізуге рұқсат бермей, сауалдарға жауап беруден бас тартты. Кейін Астана қаласының «Есіл» және «Сарайшық» аудандарының инспекциялау бөлімінің бас маманы Медет Ахметұлы осы жағдайға қатысты пікір білдіруге келісті.
Медет Ахметұлы, Есіл және Сарайшық аудандарының инспекциялау бөлімінің бас маманы:
- Аталған обьекттің тапсырыс берушісі «СтройПремиумКласс» ЖШС тарапынан 2025 жылы 10 қазандағы пайдалануға қабылдау актісі негізінде пайдалануға берілген бұл тұрғын. Акт сәйкестік туралы декларация техникалық қадағалаушылардың құрылыс монтаждау жұмыстарының сапасы және жобаға сәйкестігі туралы қорытынды негізінде қабылданады. Яғни мемлекеттік сәулет құрылыс басқармасы қабылдау процесіне қатыспайды. Тұрғындардан көптеген шағым түсуіне байланысты және үлескерлер арасындағы әлеуметтік шиеленісті азайту мақсатында ведомствоаралық комиссия құрылып, ол үйді нақты көрсеткіштер бойынша пайдалануға қабылданған.
«Вашингтон» тұрғын үй кешеніне барлық коммуналдық желі биыл жаздың соңына дейін жүргізіледі. Үлескерлердің айтуынша, әкімдіктегілердің жабық есік артында тұрғындарға берген уәдесі осы. Айта кеткен жөн, «G-Park» құрылыс компаниясына тиесілі нысанның құрылысы 5 жылға жалғасты. 600-ден астам пәтердің инженерлік желі жұмыстары тартылмаған. Осыған байланысты шамамен 2 мыңнан астам адам өзіне тиесілі баспанасына қоныстана алмай отыр.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Арыстан Балтин, Марат Диханбаев, Жанаман Ерғалиев, Абдулхамит Бөлекбаев