«Аралды құтқару» саммитіне дайындық пысықталды

Болашақта су тапшылығынан болатын шығын Орталық Азия экономикасының 11%-на дейін жетуі ықтимал. 

Ташкенттегі Орталық Азия халықаралық институтында белді сарапшылар осындай болжамдарын айтып, өңірдегі түйткілді шешуге бағытталған іс-қимыл жоспарларын талқылады. Жиын 22 сәуірде Астанада ұйымдастырылатын Халықаралық Аралды құтқару қорының саммитіне орайластырылды.

Орталық Азияның энергетика мен ауыл шаруашылығы саласы тіршілік нәріне толықтай тәуелді. Ғалымдардың болжамынша, жыл өткен сайын трансшекаралық өзендерден келетін су көлемі 3-4 пайызға азая бермек. Климаттық өзгерістер аймақ елдерінің экономикасына кері әсерін тигізу қауіпі жоғары. Ташкенттегі жиында сарапшылар су дипломатиясы арқылы тіршілік нәрін үнемді пайдаланудың негізгі тетіктеріне тоқталды.

Абдулхай Канит, Ауғанстанның зерттеулер институтының директоры:
- Бұл – стратегиялық әрі өзекті мәселеге. Егер біз оны талқылау үшін бас қоспасақ, болашақ ұрпақтарымыз қиындықтарға тап болады. Өкінішке қарай Ауғанстан Орталық Азиядағы су ресурстары бойынша ешқандай келісімде жоқ. Орталық Азия елдері Ауғанстанды бұл процеске алғаш рет тартып отыр. Мен мұны өте оң даму деп санаймын. Біз идеялар тудыру және оларды басшылығымызға алу үшін диалогқа қатысуымыз керек.

Ауғанстан үкіметі Әмударияның бойында Куштепа каналын салып жатыр. Ұзындығы 177 шақырым болатын су қоймасы жыл соңында пайдалануға беріледі. Әлбетте бұл жоба онсыз да суға мұқтаж Орталық Азия елдері үшін үлкен сынақ болмақ.

Андрей Петров, Өзбекстанның Ирригация және су мәселелері жөніндегі ғылыми институттың зертхана меңгерушісі:

- Орталық Азия елдерінде су қауіпсіздігін қамтамасыз ету шынымен де өзекті. Бәрімізге белгілі, мұздықтардың еруіне байланысты біздің аймағымызда су жыл сайын азайып жатыр. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, еріген су қоры төмендей берсе, 2030 жылға қарай тіршілік нәріне деген тапшылықты қатты сезінеміз. Уақыт өте келе экономикалық шығындар аймақтың ішкі жалпы өнімінің 11%-ға дейін жетуі ықтимал.

Ресми Астананың трансшекаралық суларға қатысты ұстанымы мен ұсыныстары айқын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Орталық Азияда суды пайдаланудың негіздемелік конвенциясын қабылдауды ұсынды. Сондай-ақ БҰҰ жанынан Халықаралық су ұйымын құрудың маңыздылығына тоқталды. Бұл бастамалар су ресурастарын тиімді пайдалануға мүмкіндік бермек.