Ақтөбеде мектеп аулаларына ағаш егіледі
Ақтөбеде мектеп аулаларына мыңнан астам ағаш егіледі. Еріктілер шаған мен долана көшеттерін үлестіріп жатыр.
Ағаштар жергілікті тәлімбақта өсірілгендіктен тез жерсініп, санаулы жылда жайқалып тұруы тиіс. «Болашаққа үлес» жобасы аясында волонтерлер 50 мектепке мың түп ағаш беруді жоспарлаған. Алайда білім ордаларын көгалдандыруға ниет білдірген оқушылар саны әлдеқайда көп болып шықты. Көшет алуға шалғайдағы ауыл балалары да келген.
Елена Альменова, волонтер:
- Қобда, Қызылжар, Қосестек, Бұлақты сияқты ауыл мектептері де келіп жатыр. Алдын ала хабарласқандардың тізімін жазып қойдық. Хромтаудан 7 мектеп көшет аламыз деп отыр. Бүгіннің өзінде 60 мектепке жақындады.
Ертіс Жанболатов, оқушы:
- Сыныптастарымызбен бірге ағаш егуге шықтық. Мектебіміздің ауласында жасыл желектің көп болғанын қалаймыз. Еңбек сабағында шығып, суарып тұрамыз. Ағаштар жайқалып тұрса, бала кезден естелік болып қалады.