Алматыда жаяу жүргіншілер көпірі жөндеуден өтеді

Әл-Фараби даңғылы мен Дулати көшесінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер көпірінен күн сайын жүздеген адам өтеді. 

Саябақа серуендеуге келгендер де жолдан көпір арқылы өтеді. «Алайда аяғыңның астына қарап жүрмесең, тесікке сүрінуің әбден мүмкін», - дейді тұрғындар. Көпірдің жабыны тозып, құрылымы әбден ескірген.

Эмиль Талыбов, қала тұрғыны:
- Жөндеу жүргізбесе болмайды. Себебі адамдар көп жүреді, әсіресе балалар. Біз енді қорықпаймыз ғой, өте береміз. Тесіктерді байқадым, бірақ аса мән бермедім.

Бұл өткел 2010 жылдардың басында салынған. Қолданыста болғанына 20 жылға жуықтаған. Алайда осы жылдар ішінде күрделі жөндеу жүргізілмеген. Салдарынан түрлі ақаулар пайда болған. Қазір нысанда қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Мердігерлер көпірдің техникалық жағдайын жақсартуға уәде беріп отыр. Алайда жөндеу кезінде жаяу жүргіншілер үшін уақытша шектеулер болуы мүмкін.

Талғат Бербаев, мердігер компанияның басшысы:
- Әл-Фараби мен Дулати қиылысындағы жаяу жүргіншілер көпірінде жұмыстар басталды. Қазіргі таңда бөлшектеу жұмыстары жүріп жатыр. Ең басты мақсат көпірдің техникалық жағдайын жақсарту.

Жалпы қала бойынша жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары қолға алынды. Биыл Алматы қаласында екі мыңнан астам жаяу жүргінші өткелін жаңарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар қосымша жарықтандыруы бар өткелдер де жасақталып жатыр. Жұмыстар кезең-кезеңімен, көбіне түнгі уақытта жүргізіледі.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев, Эдуард Кон