Қазақ-корей ынтымақтастығы нығайып келеді
Корея Республикасының еліміздегі елшілігі жариялаған байқаудың жеңімпаздары анықталды.
Наурыздың 13-і күні басталған конкурс 100-ге тарта адамның қызығушылығын туғызды. Байқаудың басты шарты қос мемлекеттің достығын білдіретін кейіпкер ойлап табу.
Астаналық Аружан Кәкешова елшілік ұйымдастырған байқаудың жеңімпазы атанды. Ол «Хани мен Нури» атты қос бірдей кейіпкер жасап шықты. Мұндағы Хани – Кореяны бейнелейтін жолбарыс болса, Нури – Қазақстанды бейнелейтін барыс. Олардың дизайнында екі елдің мәдени элементтері үйлесімді түрде көрсетілген.
Аружан Кәкешова, байқау жеңімпазы:
- Әрине, ең алдымен, достық идеясын жеткізуге тырыстым. Мен мұны ескере отырып, кейіпкерлердің түрлі мәдениеттер мен әртүрлі жастағы адамдарға мейірімді және түсінікті болып көрінуін қаладым. Сондықтан дизайнда көптеген дөңгелек пішіндер бар. Мен сондай-ақ екі елге жақын жануарларды таңдадым.
Байқау 13-28 наурыз аралығында өтті. 2 кезеңнен тұратын іріктеуге қатысушылар тек 1 жұмыс ұсынды. Оны елшілік арнайы тағайындаған қазылар алқасы бағалады.
Син Кюхо, Корея Республикасы елшілігінің уақытша сенімді өкілі:
- Қазақстанда біздің Корей фильмдері мен әндері өте танымал. Көптеген адам корей тілін үйренгісі келеді. Менің ойымша, елдер арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Мұндай іс-шаралар екі ел арасындағы достықты нығайтады.
Таңдалған кейіпкер елшіліктің мәдени-ақпараттық іс-шараларында белсенді түрде қолданылатын болады.