Түркістанда қызғалдақты қорғау акциясы өтті
«Қазақстан – қызғалдақтар Отаны». Түркістан облысында қызғалдақтарды қорғау мақсатында осындай экологиялық акция ұйымдастырылды.
Бәйдібек ауданында өткен іс-шара барысында табиғи парк қызметкерлері оқушыларға қызғалдақты жұлмау керектігін, сирек кездесетін өсімдіктерді қорғаудың маңызын түсіндірді. Сонымен қатар Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді сақтау туралы ақпараттық үнпарақтар таратылды. Қазір елде қызғалдақтың 35-тен астам түрі өседі. Оның ішінде 18 түрі Қызыл кітапқа енген. Ал өңірдегі табиғи парк аумағында қызғалдақтың 6 түрі кездеседі.
Қалбибі Қалдыбек, оқушы:
- Достарыма да айтып жүремін. Табиғатты аялауды, қызғалдақтарды жұлмауды ескертіп, табиғатты қорғауға тырысамын.
Әйгерім Тәжиева, «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің» бөлім меңгерушісі:
- Парктер шеруі акция аясында өткізіліп жатқан акциялардың бірі. Биыл 7 жыл қатарынан өткізіліп жатыр. Бұрынғыдан қарағанда тұрғындар, оқушылар қызғалдақтарды жұлмау керектігін, оларды қорғау керектігін түсініп келеді. Бізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру жақсы жөнге келіп жатыр деп айтуға болады.