Шымкент жылыжайында экзотикалық жемістер өсіп тұр

Шымкентте мектеп оқушылары экзотикалық жеміс ағаштарын жерсіндірді. Зертханалық жылыжайда маракуйя, ананас, банан және киви өсіріліп, алғашқы өнімін берді.

Сонымен қатар жас агрономдар ауыл шаруашылығы дақылдарының жиырмадан астам түрін жайқалтып, жылына үш рет өнім алады. 

Мектепте жаратылыстану мен биология пәндерін қызықты өткізу үшін жылыжайда жұмыс қыз-қыз қайнайды. Оқушылардың бірі топырақ қопсытса, енді бірі өсімдіктерді суарып, оның өсу қарқынын қадағалайды. Ал Шехризада Алтынбекова болса, қияр мен қызанақтың көшеттерін өзі шығарды. Оны күтіп-баптап қана қоймай, минералды тыңайтқыштардың өнімділікті арттыруға әсерін зерттеумен айналысып жүр.

Шехризада Алтынбекова, №89 ІТ мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы:

- Қызанақтың өсуі, оның алғашқы кезеңдері, оны өсіріп-баптау, жасыл түстен кейін қызыл түске ауысуы оның бәрі қызықты. Біз бақылаймыз. Ғылыми жұмыстарда осы сұрақтарымызға жауап іздейміз.

Табиғаттың тылсым сырын ұғынуға ұмтылған өрендер маракуйя, ананас, банан, киви сияқты экзотикалық жеміс ағаштарын жерсіндірді. Талаптанған жастардың тәжірибесі сәтті болып, алғашқы өнімдерін алды.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Мектептегі бұл жылыжай жай ғана оқу базасы емес, тропикалық белдеуге бейімделген баққа айналды. Мұнда экзотикалық жеміс ағаштарына ерекше күтім жасалады. Қазір жергілікті климатқа жерсіндірілген көшеттер жайқалып өсіп, түйін сала бастады.

№89 ІТ мектеп-лицейінің оқушылары зертханалық кешенге заманауи технологияларды да сәтті енгізді. Мұнда тамшылатып суару, климатты бақылау және желдету жүйелері толық автоматтандырылған. Тіпті өсімдіктерге су бүрку процесі смартфон арқылы қашықтан басқарылады. Білім ордасындағы мұндай тәжірибелер оқушылардың кәсіби таңдау жасауына тікелей әсер ете бастады.

Гүлнар Жалдыбаева, №89 ІТ мектеп-лицейі биология пәнінің мұғалімі:

- Жылыжай құрылғалы осы мектепте көптеген түлектерді шығардық және сол түлектердің көпшілігі деп айтсам болады биология саласына, ауыл шаруашылығы саласына, биотехнология саласына ден қойып жатыр. Сол бойынша мамандықтарын таңдаған оқушылар өте көп.

Мектеп оқушыларының біліктілігін арттыру мақсатында студенттермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасалды. Мұндай ынтымақтастық білім сапасын арттырып, оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын күшейтеді. «Нәтижесі де көңіл қуантады», - дейді жобаға қатысушылар.

Айта кетейік, ғылыми байқауларда жүлделі орындарға ие болған оқушылар саны да артып келеді. 

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов