БҚО-да қала тазалығына шетелдіктер үлес қосты
Батыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» акциясына шетел азаматтары да атсалысуда. Ақсайдағы Қарашығанақ кенішін игеретін КПО компаниясының 100-ден астам қызметкері кеше қаланы тазалауға шықты.
Жұртпен бірге қоқыс жинап, абаттандыру жұмыстарына қатысты. Осылайша, қоршаған ортаның тазалығына үлес қосты. Жалпы күн жылығалы шағын қаладан 450 тонна күл-қоқыс шығарылған.
60 жылдық тарихы бар, 40 мыңға жуық тұрғыны бар Ақсай қаласының тыныс-тіршілігі іргедегі Қарашығанақ кен орнымен тығыз байланысты. Шаһарда жерасты қазба байлығын өндірумен шұғылданатын шетелдік компаниялар шоғырланған. Қала тазалығына арналған шаралардан олар да шет қалған емес.
Скотт Мюррей, КПО компаниясының Қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы:
- Бүгін әріптестеріммен бірге осы тазалық күніне қатысып, «Таза Қазақстан» акциясына атсалысып жатырмыз. Бұл шараға компания қызметкерлері басшылықтың бұйрығынсыз, өз еркімен шықты. Себебі қоршаған ортаның жай-күйі аса маңызды. Табиғаттың тазалығына үлесімізді қосқымыз келді. Өзім Шотландия еліненмін. Бізде де осындай шаралар өтеді. Бірақ бізде жұрт болып жиналып, өзендердің жағалауын тазартады.
Кезекті тазалық шарасына қала бойынша 500-дей белсенді азамат қатысыпты. 50 шақты арнайы техника тартылған. Жалпы жыл басталғалы қаладан 450 тоннадай қоқыс шығарылған екен.
Арсен Баянбеков, қала әкімі:
- Біріншіден, арнайы іс-шаралар жоспары бекітіледі. Содан кейін көктем мезгілінде КПО компаниясы және оның мердігер ұйымдары бар, мына қаламыздың өнеркәсіп аймағында орналасқан мекемелер, жалпы бір елу шақты орындарды осындай тазалық жұмыстарды өткізеді. Сонымен қатар көктем мезгілінде терек отырғызуды жоспарлап отырмыз. Қала бойынша 5 мыңға жуық терек отырғызады.
Бөрлі ауданында 23 наурыздан бері сенбіліктерге 3 мыңға жуық адам қатысқан. «Таза су айдындары» экологиялық акциясы барысында өзен-көл жағасы 230 тоннаға түрлі қалдықтан тазарыпты.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов