БҚО-да ауру киіктер көбейіп барады
Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарында ірі қара белгісіз дертке шалдығып жатыр. Ауру малдың аузынан сілекейі ағып, тәбеті жойылған.
Егер шұғыл емдемесе, мал арам өледі. Ауылдағы ағайын жұқпалы індет киіктен келді ме деп жорамалдайды. Себебі қыс бойы Нарын құмында, Атырау облысында, Ресейдің Астрахань өңірінде жайылған бөкендер қазір кері қайтып келген. Далада малдың қасында аузынан сілекейі ағып, мәңгіріп жүрген жабайы жануарлар көбейген. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясының айтуынша, киіктерден сынама алынып, Астанадағы референттік орталыққа жіберілді.
Қайрат Қадешев, аумақтық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы басшысының орынбасары:
- Аса қауіпті ауруы бар киіктерді анықтау үшін облыста вет лаборатория бар. Ұлттық референттік орталық ветеринарлық функциясына біздің бір ұсынысымыз бар. Ол халық үшін. Аса қауіпті аурулардың белгісін анықтап, сол жерде сараптама берсін.