«Ұлттық қор – балаларға»: қаражатты қалай қолдануға болады?
Елде жас ұрпақтың болашағына бағытталған маңызды бастамалардың бірі - Ұлттық қордан қаражат бөлу.
Биыл ақпан айында әр баланың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шотына 130 АҚШ доллары аударылды. Бүгін «Отбасы банк» өкілдері студенттермен кездесіп, бұл қаражатты қандай мақсатта пайдалануға болатыны жөнінде түсіндіру жұмысын жүргізді.
Үш жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасы бойынша әрбір бүлдіршіннің шотында бүгінде 370 доллардан астам қаражат жиналған. Ақша жыл сайын беріледі. Кәмелет жасына жеткеннен кейін бұл қаржыны тек екі мақсатта пайдалана алады: білім алу және тұрғын үй жағдайын жақсарту. Мамандар, жастарға мүмкіндікті тиімді пайдаланып, қаржыны ерте жастан басқаруды үйренуге кеңес берді.
Кәмшат Оңалбаева, «Отбасы банк» Алматы қ. бойынша филиалы директорының орынбасары:
- ЕНПФ-те жатқан ақша ол ешқандай жұмыс істемейді, оның үстіне ешқандай пайыз жүрмейді. Ешқандай мемлекеттік сыйлықақы түспейді. Енді сол ақшаны депозитке лақтырса онда банк тарапынан 2 пайыз жүреді сыйақы және үкімет тарапынан 20 пайыз мемлекеттік сыйақы жүреді. Ал енді «Ақыл» депозитіне ауыстыратын болса, 14 пайыз мөлшерінде сыйақы жүреді.
Қазірдің өзінде 145 829 мыңнан астам өтінім өңделіп, 13 миллиардтан астам қаражат депозиттерге аударылған. Жастар көбіне баспана алу бағытын таңдайды, - дейді мамандар.
Медина Олжабай, студент:
- Отбасы банк туралы жақын арада білдім. Өзім қараша айында 18-ге толған болатынмын. Жақында ғана наурыз айында өзімнің шотыма Отбасы банк арқылы Ұлттық қордан ақша алып аударып қойдым. Бұйырса, Алматы қаласынан пәтер алу жоспарда бар.
Айта кету керек, Ұлттық қордан бөлінген қаражат 10 жыл ішінде игерілмесе автоматты түрде клиенттің зейнетақы жинағына аударылады. Кездесу соңында «Отбасы банк» мамандары студенттерге есепшот пен депозит ашуға көмектесті.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев