ШҚО-да мектеп автобустары жаңартылады
Шығыс Қазақстанда мектеп автобустары тозып тұр. Әсіресе бұл мәселе шалғайдағы ауыл-аймақтарда өзекті. Білім беру мекемелері көліктің жаңартылуын асыға күтіп жүр.
«Себебі көп автобусты бұдан әрі пайдалану бала өмірін тәуекелге тігумен тең», - дейді жүргізушілер.
Бірлік, Бесжылдық, Барақ батыр ауылында тұратын 22 бала осы сары автобусты күтеді. Сарыөлең орта мектебіне апарып, кейін үйлеріне жеткізетін осы көлік.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Бұл автобус сыртынан қарағанда жап-жаңа болып көрінгенімен, балаларды тасымалдауға жайсыз суық, әсіресе қыста дизель отынымен жүретіндіктен, от алмай қалатын кезі көп.
Сарыөлең мектебінің мұғалімі Бақыт Қалымова Бесжылдық ауылында тұрады. Өзімен бірге мектепке 7 баласын ертіп келеді. «Көпбалалы ана автобус сынып қалған жағдайда да, сабақты жібермеуге тырысамыз», - дейді.
Бақыт Қалымова, Бесжылдық ауылының тұрғыны:
- Техника сынып қалған жағдайда балаларды сабақтан қалдырмау үшін мектеп басқа жеңіл көлік жіберіп, балалардың сабаққа келуін қамтамасыз етеді.
Ерлан Сағындықов 13 жыл бойы автобус тізгіндейді. Дизельмен оталатын көлікпен әбден әуреге түсіп жүр. Одан қалды балалар қауіпсіздігіне алаңдайтынын жасырмайды.
Ерлан Сағындықов, автобус жүргізушісі:
- Бұл өте маңызды мәселе. Балалардың қауіпсіздігіне мен жауап беремін, суық болса да, жолда тұрып қалсақ та, балаларды қайта үйлеріне жеткізіп апаруым керек.
Сарыөлең мектебі бұл автобусты көрші ауылдан сұрап, пайдаланып жүр. Себебі өздерінікі 18 жыл жүріп, әбден ескіріп қалған. Сондықтан әзірге қолда барды місе тұтуға мәжбүр. Жалпы көліктен қысылып отырған Сарыөлеңдегі білім ошағы ғана емес. Облыс бойынша 126 мектеп автобусы бар. Соңғы бес жылда соның 26-сы жаңартылды. Енді лизинг бойынша 100 көлік сатып алу жоспаанған.
Бұлбұл Қозыбаева, Білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Лизингтің шарттары бойынша 7 пайыздан 12 пайызға дейін және 7 жылға беріледі, оң шешілген жағдайда алатын боламыз. Енді ол 100 автобусты биыл ғана аламыз деп айта алмаймыз, өйткені ол кезең-кезеңмен алынады. Жүз автобустың бағасы үлкен сома, сондықтан кезең-кезеңмен жылға бөлініп алынатын болады.
Мектептердің автобус паркі қашан толық жаңаратыны белгісіз. Енді салалық басқарма дизельді отынмен жүретін транспорттан бас тартпақ. Ал осыған дейін алынған ондай көліктер қала маңындағы мекемелерге беріледі.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов