Ақмола облысында 148 ауылдың инфрақұрылымы жақсарды
Ақмола облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы басталғалы құны 77 миллиард теңге болатын 423 жоба жүзеге асты.
Осылайша, 148 ауылдың инфрақұрылымы жақсарып, жаңа нысандар бой көтерді. Сонымен қатар тозығы жеткен әлеуметтік ғимараттар да қалыпқа келтірілді.
Жақсы ауданының орталығында орналасқан мектептің іргетасы 1971 жылы қаланған. 2021 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында білім ошағына күрделі жөндеу жүргізілді. Техникалық базасы да нығайтылды. Қазір мұнда 300-ден астам бала білім алады.
Әдемі Исмайылова, мектеп директоры:
- Жөндеу жұмысына дейін біздің мектеп өте салқын болатын. Біз қыста киіммен отыратын да жағдайлар болған. Ал қазіргі таңда біз жеңіл киінеміз. Қыста 30-40 градустың өзінде де біздің мектепте 19-18 температура көрсетіп тұрады. Толық жөндеу жұмыстарында барлық терезелер ауыстырылды. Жылу жүйелерінің барлығы ауыстырылды. Сонымен қатар мектеп ауласында да өздеріңіз көргендей, екі ойын алаңы бар. Онда балалардың деңгейіне сай әртүрлі әткеншектермен, дене шынықтыру пәніне қажетті жабдықтармен толық жабдықталған.
Игі жоба аясында аудандағы жалғыз оқушылар үйі де қалыпқа келтірілді. Мұнда балалар қосымша білім алып, шығармашылығын шыңдайды.
Зәуреш Түспаева, «Оқушылар үйі» мекемесінің директоры:
- Қазір бізде 500 бала тәрбиеленіп жатыр. Оларды төрт жасынан бастап қабылдаймыз. 32 үйірме жұмыс істейді. Ауылдарда 7 филиалымыз бар. Оқушыларымыз облыстық және республикалық сайыстарға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр.
Аудандық мәдениет үйі де жөндеу жұмыстарын қажет ететін. Қазір ескірген есік-тезерелері толық ауыстырылды. Ғимаратта кітапхана да орналасқан. Жалпы Жақсы ауданында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 77 жоба жүзеге асырылды.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный