Ақтауда тұрғын үйлердің ауласы абаттандырылды
Бүгін Ақтау тұрғындары жаппай сенбілікке шықты. Қала халқы жағажай аумағын күл-қоқыстан және қураған қамыстан тазартып, табиғатты қорғауға өз үлестерін қосты.
Тазалық шарасы барысында шағын аудандар абаттандырылып, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары ретке келтірілді. Сонымен қатар тұрғындар тал көшеттерін егіп, балалар және ойын алаңдарын жөндеу жұмыстарына да белсенді қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай сенбіліктер қаланың экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың ортақ іске деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
«Таза аула» акциясы Ақтаудың барлық шағын ауданында өтті. Көпшілік өзі тұратын үй ауласын қоқыстан тазалап, балалар және ойын алаңдарының бүлінген жерін жөндеді. Тал көшетін егіп, жайқалған жасыл желекті суарды.
Асанбай Көпеков, қала тұрғыны:
- Өсіп тұрған ағаштарымыз, теректеріміз бар. Соның барлығын аялап, баптап, осы аулаға деген өзіміздің қол ұшымызды беріп жатқан жәйіміз бар. Өзіміз жиналып ай сайын сенбілік жасап тұрамыз.
Әсел Балманова, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
- Ақтау, Жаңаөзен қаласында әр ауданның, жеке тұрғын үйлердің айналасын жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Экологиялық науқанды 23 наурыздан бастаған болсақ, сол күннен бастап біздің тұрғындарымыз, соның ішінде қала тұрғындары теңіздің жағасын қураған шөптен тазарту жұмыстарын бізбен бірге жүргізіп жатыр.
Жағажайда өткен сенбілікке мыңдаған адам келді. Қоқыстарды сұрыптап, қураған қамысты бөлек жинады. Қамыстан қоршау жасалып, елді мекендерде құмды бөгеуге қолданылады. Табиғат аясын тұрмыстық қалдықтан тазартуға оқушылар да атсалысты. Тазалық шарасына қатысқан белсенді тұрғынның бірі қалаға шахмат алаңын тарту етті.
Әсия Сырымқызы, оқушы:
- Өзімнің көмегімді қостым. Біздің қаламыз өте әдемі, бірақ далаға қоқыс лақтырады. Қоқыс тастамаңыздар.
Роман Оразымбетов, қала тұрғыны:
- Біздің ұранымыз: «Біз спорт үшін, біз есірткіге қарсымыз». Дайындап қойған орындықтарымыз бар. Әкімшілікпен келісіп, осы жерге қоямыз.
«Таза аула» акциясының нәтижесінде 650 тонна қоқыс жиналып, ең белсенді тұрғындарға естелік сыйлық берілді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев