Павлодар облысында жазасын өтеушілер жұмыспен қамтылды

Павлодар облысында сотталғандарды жұмыспен қамту прокуратураның жүйелі жұмысына айналды. 

Қазір жазасын өтеушілердің 75 пайызы өндіріс орындарында еңбек етуге мүмкіндік алды. Мамандардың айтуынша, бұл тәртіпті нығайтып, жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді. 

Өңірде сотталғандарды қайта әлеуметтендіру жобасының жүзеге асырылып жатқанына екі жыл өтті. Осы кезең ішінде жоба өзінің тиімділігін дәлелдеді. Жауапты сала өкілдері бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруға мүдделі.

Асқар Серғазин, облыс бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары:

- Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты мекемелерде өндірісті кеңейту бойынша барлық тиісті шаралар қолға алынған. Сотталғандарды жұмыспен қамту деңгейін арттыру – біздің негізгі мақсатымыз. Бұл көрсеткішті шамамен 90%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. 

Облыс бойынша 2300 адам жазасын өтеп жатыр. Олардың жартысынан астамы жұмыспен қамтылған. Мысалы, №46 түзеу мекемесінде тігін цехтары, жиһаз, металл конструкциялар және құрылыс материалдарын өндіру учаскелері жұмыс істейді. Еңбекақы сотталғандарға сот міндеттемелерін орындауға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері олардың шотына талап-арыздар мен алименттерді өтеу үшін бес миллионнан астам теңге аударылған.

Тимур, жазасын өтеуші:

- Бұл біріншіден, қоғамға бейімделу,  екіншіден, теориялық және практикалық оқыту, сондай-ақ жұмысқа орналасу. Соның нәтижесінде  талап-арыздарды төлеуге жағдай жасалды. Белгілі бір кәсіпті меңгерсек,  жалақымыз да өседі.

Прокуратураның үйлестіруімен жүзеге асырылып жатқан бастама аясында сотталғандар еңбек етіп, кәсіби біліктілігін арттыра алады. 

Ербол Ысқақов, облыс прокурорының орынбасары:

- Қазір бірлескен күш-жігердің арқасында 1200-ден астам сотталғанды жұмыспен қамтыдық. Келешекте өндіріс ауқымын кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашуға күш саламыз. Жергілікті  атқарушы органдармен де арада тығыз байланыс орнаған.

Павлодардың түзеу мекемелерінде жаңа жұмыс орындарын ашу үшін  кәсіпкерлермен 13 келісімшарт жасалған. Қосымша цехтар салуға дайындық жүріп жатыр. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев