БҚО-да көл жағалауында тазалық шарасы өтті

Бүгін Батыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында Садовское көлінің жағалауында кең ауқымды тазалық шарасы ұйымдастырылды. 

Экологиялық бастамаға жүздеген қоғам белсендісі, еріктілер мен жергілікті тұрғындар қатысып, көл маңын тұрмыстық және табиғи қалдықтан тазартты. Ерекше атап өтерлігі, акция кезінде балапан басып жатқан құстарды қорғау мақсатында арнайы жүзбелі үйшіктер суға жіберілді.

Аққуы ұшып, қаз қонған, тұмса табиғатымен таңғалдырған Садовское көлінде қанаттылардың көптеген түрі кездеседі. Көлдің мұзы еріген бетте сағына жеткен жыл құстары қазір ұя салып, балапан басуға кіріскен. «Осы мезгілде оларды қоректендірудің маңызы ерекше», - дейді өңірге белгілі бағбан Қайрат Кәрімов. Оның академик Исаев атындағы экспериментальды алма бағы осы көлдің дәл қасында орналасқан. Бүгін табиғат жанашырлары құстар азықтанатын жүзбелі үйшікті суға салды.

Қайрат Кәрімов, табиғат жанашыры:

- Осы бастаманы бастап, қолдап жатқан кісілерге көп-көп рақмет айтамын! Мына құстарға жем беретін үйшік салып жатырмыз. Сол біріншіден, балаларымызды, жастарымызды табиғатты жақсы көруге тәрбиелейді деп ойлаймын. Өте жақсы бастама деп ойлаймын.

Көлдегі құстарды азықтандыру туралы бастаманы Әділет департаментінің қызметкерлері көтеріпті. Бүгін заң саласының мамандары көл жағалауын қоқыстан тазартты. Былтырдан қалған түрлі тұрмыстық қалдықтарды жинастырды.

Жандос Есенов, БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот әкімшісі:

- Жағалауды жинадық. Жаңа  бәрін  тазартып, үлесімізді  қосып жатырмыз. Енді бізден кейін осы болашағымыз балалар ғой деп, баламды алып келдім. Үлес қоссын. Осындай шаралар Қазақстанға деген сүйіспеншілікті арттырады деп ойлаймын. Өз үлесімізді қосу – әрбір азаматтың парызы.

Сәуір туғалы Батыс Қазақстан облысында әр апта сайын тазалық шаралары өтіп жатыр. Сенбіліктер барысында парктер мен скверлер, көшелер абаттандырылып, өзен-көлдердің жағалаулары тазартылған, көшеттер егілген. Экологиялық акцияларға 20 мыңдай қоғам белсендісі қатысқан.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қалыбек Ақрап