Жекеменшік дәріханалар тегін дәрі-дәрмекті сатқан

Елдегі кейбір дәріханалар науқастарға тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмекті заңсыз сатқан. Бұл олқылықты Денсаулық сақтау министрлігі анықтады.

74 нысанда жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 31 ұйым әкімшілік жауап арқалады. Кепілдендірілген тегін медициналық көмекке кіретін бұл дәрі-дәрмектердің саудасын қыздырған кімдер?

Бірі тегін берілуі тиіс препаратты саудаласа, екіншісі дәріні заңсыз қайта айналымға шығарған. Бұл - дәріханалар жол берген заңсыздықтар. Дәлірек айтқанда,   2024 жылғы 1 шілдеден бастап елдегі дәріханаларда кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында берілуі тиіс 4 114 дәрі заңсыз саудаланған. Мәселе неден туындады және алда қайталануы мүмкін бе? Тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының басшысы Талғат Омаров пікір білдірді.

Талғат Омаров, Қазақстанның тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының басшысы:

- Бүгін 4 мың. Ал былтыр қанша болды? Келесі жылы қанша болады? Ұрлаған адамдарды табу керек. Ол қалай сен мемлекеттің ақшасына сатып алынған дәріні қалай сатты, оған жолды кім ашты? Міне, немен айналысу керек. Дәріханаға штраф салғанмен нені тиясың?

35 мыңнан аса жағдайда дәрілер қайта заңсыз айналымға шығарылған. Тіпті, бір кодты әртүрлі қатысушылар пайдаланған 480 мың дерек тіркелген. Әлемде көп елдер дәрі-дәрмекті өзінше таңбалайды. Спикердің айтуынша, таңбалаудың бұдан өзге де тиімді жүйелері бар.

Талғат Омаров, Қазақстанның тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының басшысы:

- Дата матрикс кодта 1 қорапта 1 штрих код сатып аласыз. Сонда сіздің зауыт 1 млн қорап шығаратын болса, әр қайсысы 3500 теңгеден 3,5 млн төлейді. Табысты көріп жатқан тек қана Қазақтелеком. Шығынның бәрін өтеп жатқан біздің халық. Системаның ыңғайсыздығы бір, екіншіден, контрабандаға жол берді.

Тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмекті сатқан кімдер? Бұл - жекеменшік дәріханалар. Құзырлы министрлік Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары бойынша жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Нәтижесінде препараттарды заңсыз саудалаған 31 ұйым анықталып, әкімшілік жаза тағайындалды. Егер заң бұзушылық қайталанса, дәріханалар жұмысын тоқтатады. 

Асия Молдиманова, ҚР ДСМ Фармацевтикалық қызметті бақылау және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға баға мониторингі бөлімінің басшысы:

- Құзірет шеңберімізде 426-баппен хаттама толтырамыз егер осы баптың осы бөлігі жылына екі рет қайталанатын болса, құжаттар сотқа жіберіледі. Соттың үкімімен дәріхана қызметі 1 айдан 6 айға дейін тоқтатылады. Тауарларды таңбалау қадағалау ақпараттық жүйесі арқылы бізде мониторинг жүргізіліп отырады. Осындай жағдайлар анықталған кезде міндеті түрде жоспардан тыс тексерістер жүргізіліп, әкімшілік шешімдер қабылданып отырады.

Заңға бағынбаған ұйымдарға жалпы сомасы 12 млн теңгеден аса айыппұл салынды. Тағы 43 нысанға заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Тексеріс барысында жинақталған материалдар құзырлы органдарға жолданды.