Тарихи кешеннің айналасына 500 көшет егілді

Жезқазғанда мәдениет қызметкерлері Жошы хан кешенінің аумағына 500 түп қарағай екті. Кесененің айналасын тазалап, қыстан қалған қоқысты жинады.

Экологиялық акция халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды сақтау күніне орай ұйымдастырылды. Егілген қарағай көшеттері солтүстік облыстардан әкелінді. Сондықтан климаты ұқсас өңірде тез жерсінеді, - дейді мамандар. Жошы хан тарихи кешені бес жыл бұрын Президент тапсырмасымен салынды.   Бірегей  туристік нысан 8 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда ханның кесенесі, еңселі ескерткіші, мұражай мен этноауыл бар.

Ғалым Мұхамедин, ҚР Еңбек сіңірген артисі:

- Өнер адамдарының барлығы осы жерде. Бұл Ұлытау облысының өсіп-өнуіне жақсылық әкелсін. Ертең Жошы ханның басына қонақтарымыз келеді. Сол кісілер біздің еккен талымызды көріп, жайқалғанын көрейік.