Қарағанды облысының Нұра кентінде тоғыз үй орталық қазандыққа қосылды

Қарағанды облысының Нұра кентінде көп қабатты үйлер кезең-кезеңімен жаңа блок-модульді қазандыққа қосылып жатыр.

Биыл кенттегі қалған 120 абонент  орталық жылу жүйесімен қамтылады. Қазірдің өзінде бірнеше үй жаңа қазандықтың игілігін көріп отыр. Бұл өзгеріс әсіресе қыста көмір тасып, күл шығарумен әбігерге түсетін тұрғындар үшін үлкен жеңілдік болды.

Жергілікті тұрғын Сүлеймен Қалкенов модульді қазандыққа былтыр қосылып алды. Айтуынша бұрын көмір сатып алып, оны үйге кіргізу мен сақтау біраз қиындық туғызатын. Енді үйі әрдайым жылы, еш алаңсыз сыртқа шығып кете алады.

Сүлеймен Қалкенов, Нұра кентінің тұрғыны:

- Бір жерге шығып кетсең алаңдамайсың. Үйге келгенле үйің жып-жылы. Бұған дейін бұрынғы көрген күніміз ғой енді, 25-30 мыңға көмір аламыз әуелі. Көмірді үйге жалынып біреуге кіргіздіртіп аламыз. Енді бөлек бұл жерде көмір қоятын орнымыз да жоқ.

Блок-модульді қазандық жеке инвестор есебінен салынды. Бұл мақсатқа 115 млн теңге бөлінді. Жалпы қазандық заманауи автоматтандырылған жүйемен жұмыс істейді. Электр қуаты өшкен жағдайда да дизельдік генератор іске қосылып, жылу үздіксіз беріледі. Қуаттылығы да жоғары. Бірнеше агрегаттың екеуі тұрақты жұмыс істесе, бірі резерв ретінде қарастырылған.

Бақтияр Жанболатов, коммуналдық мекеме басшысы:

- Жалпы қуаттылығы 1800 мегаватт. Соның 1200-і жұмыста. Үш қазандық бар, екеуі жұмыс істеп тұрады. Біреу резервтік болып саналады.

Алдағы уақытта Нұрадағы көп қабатты 10 үйді орталық жылумен қамту жоспарланған. Жалпы облыс бойынша көп қабатты 6942 үй болса, соның 837-сі орталық жылу жүйесіне әлі қосылмаған.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит