Ақтөбе облысында шешен қызы қазақ тілін үйретіп жүр

Шешен қызы қазақ тілін үйретіп жүр. Мемлекеттік тілді жіті меңгерген ақтөбелік ару жерлестерін төл тілімізге баулып жүр.

Оның «қазақ vibe» деп аталатын оқу курсында еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін тіл сындырады. Нәтиже де жаман емес, қатысушылар шүлдірлеп келіп, шешен болып шығатын көрінеді. Ал Ализа Кайхарова: «Қазақ тілін білу Қазақстан азаматы ретінде міндетім», - дейді. 

Ализа Кайхарова, Ақтөбе облысының тұрғыны:

- 6-сыныпқа дейін мен мүлдем қазақ тілін білген жоқпын. Қазақша сөйлеген жоқпын. Өзім орыс сыныбында оқыдым. 6-сыныптан бастап мен қазақ тілін үйрене бастадым. Екі жылдың ішінде тұрмыс тіршіліктегі қазақ тілін үйреніп, одан кейін 11-сыныпты бітіріп, филология факультетіне Ж. Молданов университетіне түскен болатынмын. Одан кейін, 19 жасымда өзімнің «қазақ vibe» атты курсымды аштым. Бұл курсқа төрт жастан 64 жасқа дейінгі адамдар келеді.