Жалған билет сатқан: алаяқтарға алданбаудың жолы қандай? 

Халық андағайлап ұмтылатын шоу-концерттер, футбол матчтарына билет алсаңыз, абайлаңыз. Өйткені жарнамасы жер жарғанмен билет сатушылардың арасында алаяқтар да жүреді. 

Қазір қазақстандық промоутерлер елімізге әлемдік деңгейдегі поп-жұлдыздарды жиі шақырып жүр. Былтыр Дженнифер Лопес келіп, өнер көрсетті. 

Алдағы уақытта британдық әйгілі Deep Purple рок-классикасы мен америкалық трэш-метал тобының концерті өтеді, деп жоспарланған. 

Сонымен қатар жұртшылықтың ірі спорттық ойындарға да қызығушылығы басым. Әдетте, ондай ауқымды шараларға билет бағасы қымбат болады. Алайда ресми платформаларда билеттер бірнеше сағатта, тіпті кей жағдайда санаулы минутта сатылып кетеді. Алаяқтар осыны өз пайдасына жаратады. 

Шұғыла Тұрлыбек, ҚР ІІМ баспасөз хатшысы:

- Алаяқтар билеттерді сатып алуда көмек ұсынатын немесе оларды қымбат бағаға сатады. Одан бөлек, жалған билеттер таратуы да мүмкін. Оларға сенген адамдар ақша аударып, соңында билетсіз қалуы ықтимал.

Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, билет сатушылар екіге бөлінеді. Бірі нақты билетті көтерме бағамен қайта сатады. Одан кейінгісі жалған билет сатумен айналысатындар. Хабарландырулар әлеуметтік желі мен мессенджерлерде жарияланады. Сенім ұялату үшін олар QR-код қолданады. Сөйлегенде адамның іші-бауырына кіріп кетеді. Жәбірленушілер оның алаяқ екенін соңында ғана біледі. Ал жеке тұлғаға қаражатты қайтару мүмкін емес. Себебі банктер мұндай төлемді ерікті түрде жасалған операция ретінде қарастырады. 

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

- Былтыр Алматы қаласында Джей Ло концертіне жоқ билеттерді сатқан азамат ұсталды. Қазіргі таңда іс материалдары сотқа жолданды. Ол міндетті түрде жазасын алатын болады. Біраз адамдар зардап шекті. Әрине нарықтағы бағадан нарықтағы арзан бағаны азаматтардың қызығушылығын туғызады. Ол алаяқтардың бірден бір амалы, айласы десек болады.

Алаяқтыққа қатысты жағдай Астанадағы Gorillaz концертінде және Алматыда өткен Қайрат пен Реал Мадрид футбол матчы кезінде де тіркелді. Құқық қорғау органдары фишингтік сілтемелердің, билет сататын танымал сайттардың көшірмелерін және жалған QR-код қолданылғанын анықтады. Кейбір делдалдар бір билетті бірнеше адамға сатып жібереді. Ресми сервистер мұндай әрекеттермен күресіп әлек. 

Ерлан Есімсейітов, Freedom Lifestyle атқарушы директоры:

- Біз билеттердің бір адамның қолына көптеп өтіп кетуіне жол бермеуіміз керек. Мұны шектейміз. Сәйкестендіру жүйесін енгізіп жатырмыз. Биометрия мен жеке сәйкестендіру нөмірі қолданылады. Бұл азаматтарды алыпсатарлардан қорғау үшін жасалып отыр.

Қазір елімізде концерттік және спорттық іс-шараларға билет сатумен 7 ресми агрегатор айналысады. Олардың барлығы көпшілікке белгілі. Бұл қызметтердің заңдылығын оңай тексеруге болады. Сондықтан билетті тек тиісті орындардан сатып алған абзал. 

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев