Светлана Падюкова: Мемлекеттік тілді білу – уақыт талабы
Мемлекеттік тілдің тек кәсіби салада емес, күнделікті қарым-қатынаста да артықшылығы көп. Қазақ тілін білудің нақты пайдасын Павлодардағы жедел жәрдем фельдшері өмірлік тәжірибесінде дәлелдеді.
Светлана Падюкованың жұмысы қауырт. Фельдшер күнделікті шақыртуларға шығады. Ал жедел жәрдем қызметін шақыртқан науқастардың көңілін табу оңай емес. Алайда Светлана кез келгенімен оңай тіл табысып кетеді.
Қостанай облысында туған Светлана Падюкованың ауылында орыс мектебі болмаған. Ол қазақы ортада тәрбиеленіп, үш оқу орнын мемлекеттік тілде аяқтаған.
Светлана Падюкова, қалалық №2 қосалқы станциясының фельдшері:
- Балаларым да қазақша сыныпта оқиды. Үш балам бар, жалпы қазір оңтүстік өңірдің келіні боламын, ортам жақсы, барған жерім де жақсы. Бізде қандастар деп айтамыз ғой, Қытай елінен келеді, Моңғолиядан келеді ол кісілер енді орысша қатты біле қоймайды, орысша жауап беруге қиынсынады. Мен бірден: «Қазақша түсінемін, айта беріңіздер», - деймін.
Светлананы әріптестері білікті маман болғаны үшін ғана емес, мемлекеттік тілге деген ерекше көзқарасы үшін де құрметтейді. Одан үйренеріміз көп дейді олар.
Кәмила Жайлаубай, қалалық №2 қосалқы станциясының аға фельдшері:
- Светлана өзге ұлт өкілі болғанымен қазақ тілінде еркін сөйлейді. Өз саласының білікті маманы әрі үлгі тұтар тұлға. Өте еңбекқор, кез келген уақытта көмек қолын созуға дайын тұрады. Кейде тез арада бірдеңе түсіндіру немесе аудару қажет болса көмектеседі.
Светлана Падюкованың пікірінше, мемлекеттік тілді білу – уақыт талабы. Әсіресе медицина қызметінде науқастардың жағдайын дұрыс түсініп, шағымын дәл анықтау үшін қазақ тілін меңгерудің маңызы зор. Ұлты орыс болса да қазақ тілін өзінің ана тілі ретінде қабылдайды.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев