Еліміз иммундау жүйесін нығайтып жатыр

30 жыл бойы елде полиомиелит, ал 2009 жылдан бері дифтерия жағдайы тіркелген жоқ. Еліміз иммундау жүйесін нығайтуда айтарлықтай прогресс көрсетіп отыр.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі мәлімдеді. Нұршай Әзімбаева Еуропалық иммундау апталығы 19-25 сәуір аралығында өтіп жатқанын айтты. Вакцинация тек жеке қорғану ғана емес, сонымен қатар ұжымдық қауіпсіздікке қосқан үлес екенін де еске салды. Мамандар барлық азаматты өзінің және балалардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, уақытылы екпе алып, ғылыми расталған медициналық ақпаратқа ғана сенуге шақырады. Айта кетейік, ұлттық екпе күнтізбесіне адам папилломавирусына қарсы вакциналау енгізілді. Бүгінгі таңда 11-13 жас аралығындағы қыздар арасында 370 мыңға жуық екпе жасалды. 

Нұршай Әзімбаева, ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Иммундық профилактика орталығының басшысы: 

- Жалпы иммундау бағдарламасы 21 инфекцияға қарсы вакцинаны қамтиды. Тиімді әрі қауіпсіз вакциналарды сатып алу және жеткізу қамтамасыз етіледі. Бұл ретте балаларды вакциналау үшін сапасына кепілдік берілген, яғни ДДСҰ сертификаты бар вакциналар қолданылады.