Алматы тау кластерінің дамуы
Алматы тау кластері-туризм саласын дамытуға ғана емес, сонымен қатар қала экономикасының қозғаушы күшіне айналуға бағытталған бірегей жоба.
Аймақтың тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Қазір экологиялық талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылып жатыр. Жоба таулы аймақты ретсіз туризмнен қорғайды. Сонымен қатар таудағы қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді. Жоспарға сәйкес, 30-дан астам аспалы жол және 400 шақырымға жуық жаяу жүргіншілер жолы салынады.
Алматы тау кластерін дамыту аясында «Шымбұлақ» және «Oi-Qaragai» курорттары аспалы жолдар мен тау шаңғысы трассасы арқылы бірігеді. Бұл жолдар «Кімасар», «Бұтақты» шатқалы мен «Pioneer» курортын басып өтеді.
Еркебұлан Сағынғанов, «Almaty Tau Management» ЖШС төрағасының орынбасары
- Бұл болашақта халыққа біздің тауларымыз әдемі табиғатының қолжетімділігінің ашудың мақсатында жасалып жатқан жобалардың бірі. Салынып жұмысы жүріп жатқан кезде жаңа жұмыс орындары ашылады, жаңа жобалар іске асырылады, біздің қаламызға мемлекетімізге өте жақсы төлемдер түседі.
Алматы тау кластерін дамытуда мегаполиске келіп жатқан туристер саны назарға алынады. Тек былтырдың өзінде Алматыға 2,5 млнға жуық адам келді. Оның 755 мыңы шетелдік. Осыған орай жоба белсенді демалыс пен заманауй қалалық мәдениетті қалыптастыратын орталық ретінде халықтың оның ішінде жастардың қызығушылығына ие.
Динара Боранбай, қала тұрғыны:
- Тау біз үшіне әдемілік емес жәй ғана барып келу саяхат орны ғана емес қазіргі таңда жастар үшін еркіндіктің, дамудың, шығармашылықтың орнына айналып келеді. Сол үшін осындай орындардың заманға сай дамуы біз үшін маңызды және соны қалаймыз.
Сарапшылардың пікірінше, Алматы тау кластері Орталық Азиядағы жыл бойы жұмыс істейтін туристік орталықтың біріне айналады. Осы жыл соңында Шымбұлақта төрт орындық жаңа аспалы жол пайдалануға беріледі.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев