Қостанайда кітапқұмарлар марапатталды
Қостанайда «Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпаздары марапатталды.
Ауқымды шара Мемлекет басшысының оқу мәдениетін дамыту және білімді ұрпақ тәрбиелеу жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. Игі бастама облыстың барлық өңірін қамтып, шалғай ауылдарға дейін нағыз зияткерлік қозғалысқа айналды.
Былтыр қыркүйек айында басталған «Кітап оқитын ұлт» жобасына 55 мың облыс тұрғыны қатысты. Шарт бойынша оларға 15 кітапты оқып шығу міндеттелді.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Оқу – ой-өрісті кеңейтіп, мүмкіндікті арттыратын ең тиімді құрал. Кітап оқитын ұлт жобасы осы жұмыстың маңызды бөлігі. Оны жүйелі түрде дамытып, кейінен насихаттау біздің ортақ міндетіміз.
Жобаны ұйымдастырушы Надежда Сражатованың айтуынша қатысушылар тек кітап оқып қоймай, оны терең түсініп, өз ойларын дәлелдей білуі тиіс.
Надежда Сражатова, «Кітап оқитын ұлт» жобасының фронт-кеңсе жетекшісі:
- Алты бағыт кітап оқитын мектеп, әулет, педагог, мектеп, университет және ең маңызды мемлекеттік қызметшілер бағыты бойынша 15 кітапты оқып шығу негізгі талаптардың бірі болатын. Облыстық кезеңде әртүрлі сайыстарды квиз форматында, викториналық сұрақтар қою арқылы, яғни 15 кітапты оқығанын, түсінгенін, құндылықтарын жеткізу негізгі талаптың бірі болып табылды.
Оқушылар арасында жеңімпаз атанғандардың бірі - Інжу Мақсұтбек. Ол Арқалық қаласынан келді. Кітапты кішкентай кезінен бастап оқитындықтан сайыс еш қиынға түспегенін айтады. Әрі бұл бастама өзіне ерекше әсер қалдырған.
Інжу Мақсұтбек, оқушы:
- Менің сүйікті жазушым – Төлен Әбдік. Ол кісінің осы 15 ктіаптың ішінде кітабы болды. Үш достың өмірі жайлы айтылды және өмірде болған оқиға жайлы айтылды. Үлкен әсер алдым.
Салтанатты шарада үздіктер арнайы дипломдармен және қаржылай сертификаттармен марапатталды. Ұйымдастырушылар жобаның ауқымы жыл сайын кеңейіп, келешекте республикалық деңгейде жалғасатынын атап өтті.
Авторлары: Данияр Сұлтаұлы, Ермек Мұхамедияров