СҚО тұрғыны 34 жыл құжатсыз жүрген

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Сергей Порядкин 34 жыл құжатсыз  жүрген.  

Ескі үлгідегі төлқұжатын, жүргізуші куәлігі мен туу туралы куәлігін 90-жылдарыұрлатып алған. Кейін құжатты қалпына келтіруге мүмкіндігім болмады дейді. Осылайша ол  ұзақ уақыт еліміздің әр өңірінде жалдамалы жұмыс істеп күнелткен.    

Сергей Порядкиннің жасы 58-де. Жеке басын куәландыратын құжаты болмағандықтан тек жалдамалы жұмыс істеген. Айлықты қолма-қол алып отырған. Әлеуметтік аударымдар мен зейнетақы жинағы туралы айтпаса да болады. Өмірінің 34 жылын құжатсыз өткерген. Тек туған жеріне оралған соң жергілікті учаскелік инспектордың нұсқауымен көші-қон қызметіне жүгінген. 

Сергей Порядкин, Қызылжар ауданының тұрғыны:

- Басында отбасылық жағдайыма және де басқа да түрлі себептерге байланысты құжат жасату мүмкін болмады. Кейін Қарағандыға қоныс аудардым. Сол жақта ұзақ уақыт жұмыс істедім. Бірақ, ол жақта да құжат жасату мүмкін болмады. Ол үшін туған жеріңе бару керек деді. Ауылға келген соң полиция қызметкерлері көмектесті. Енді заңды түрде жұмысқа тұратын болдым.

Құжатын қалпына келтіру оңай болған жоқ. Ұзақ тексерістің нәтижесінде полицейлер тұрғынның жеке басын анықтап, халыққа қызмет көрсету орталығы куәлік берді. Мемлекет үшін кез келген адамның   мәртебесі мен әлеуметтік жағдайы маңызды. Ал тиісті құжаты жоқ азаматтар әлеуметтік қызметтен қағылады дейді құқық қорғаушылар.

Еділ Қазиев, облыстық ПД көші-қон қызметі басқармасының бөлім бастығы:

- Көші-қон қызметі құжатсыз жүрген адамдардың құқықтық мәртебесін анықтау бойынша жұмысты жалғастыруда. Жыл басынан бері бізде 17 азаматтың құжаты қалпына келтірілді. Тағы бірнеше өтініш тексеріліп жатыр. Осы ретте құжатсыз жүрген адамдарға ескертіп кеткен жөн, жеке басын куәландыратын құжаттың болуы Қазақстан тұрғындарының барлық конституциялық құқықтарының іске асырылуына кепілдік береді.

Полицейлер жеке бас құжатын алғаш ресімдеген азаматтар мемлекеттік баж салығын төлеуден босатылатынын еске салады.

Елдос Кәкенов, Наталья Волкова, Куаныш Казбеков