Шымкентте әскери оқу-жаттығу жиыны аяқталды

Шымкенттегі «Ақтас» полигонында бес күнге созылған оқу-дала жиыны аяқталды. 

Мұнда әдеттегі сабақтардың орнына саптық дайындық, әскери топография және азаматтық қорғаныс негіздері оқытылды. 10-сынып оқушылары мен колледж студенттері жергілікті жерде бағдарлаудың, командада жұмыс істеудің және алғашқы медициналық көмек көрсетудің қыр-сырын меңгерді. 

Кең ауқымды оқу-дала жиыны Шымкент қалалық әкімдігінің қолдауымен өтті. Оған 6 мыңға жуық 10-сынып оқушысы мен колледж студенті қатысып, түрлі әскери дағдыларды меңгерді.

Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:

- Қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлының тапсырмасымен міне, біз осы далалық оқу-дала жиынын ұйымдастырып отырмыз. Айта кетерлігі, мұндай жиын әзірге тек Шымкент қаласында ғана қолға алынып отыр. Болашақта еліміздің түпкір-түпкірінде барлық жерде өткізілетініне мен сенімдімін.

Оқу-дала жиынында әскери-спорттық жарыстар да  ұйымдастырылды. 

Қуаныш Ысқақов, қалалық білім беру басқармасының басшысы:

- Ақтас әскери бөлімінің оқу-жаттығу полигонында Шымкент қаласының 10-сынып оқушыларының және колледждердің бірінші курс студенттерінің арасында әскери, теориялық тактикалық тәрбие бойынша оқу-дала жиыны өтті.

Бағдарлама әскери топография, саптық және тактикалық дайындық, азаматтық қорғаныс пен алғашқы медициналық көмекті қамтыды. Қатысушылар қару-жарақпен жұмыс істеуді де меңгерді. 

Алмасбек Оразбек, оқушы:

- Біз полигонда бірінші саптық дайындықта жүруді, саптық тұрыстар және де соғыс, ұрыс кезіндегі тактикаларды қолдандық.

Бес күнге созылған оқу-дала жиыны оқушылар үшін маңызды тәжірибе болды. Олар тәртіпті, жауапкершілікті және өмірде қажет болатын әскери дағдыларды меңгерді. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова,  Катерина Попкова, Нұрмұхан Мұсатов