Өрт қаупі кезеңі басталды

Елімізде өрт қаупі бар кезеңде ормандарға қосымша 300-ден астам бақылау бекеті қойылады. 

Қазіргі таңда тілсіз жаудың алдын алу мақсатында қауіпсіздік шаралар күшейтілген. Механикаландырылған шолушыларды орналасу жұмыстары қолға алыныпты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Экология және табиғи ресурстар министрлігі мамандары хабарлады. Ақпарларынша, қызыл жалынның қаупі жоғары кезеңіне 7 мың адам мен 2,5 мыңнан астам техника жұмылдырылып отыр. Оның ішінде 4,2 мыңы – жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, ал 3,4 мыңы – ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қызметкерлері. Сондай-ақ орман иеленушілер 1 мың тоннадан астам дизель отыны мен 892 тонна бензин қорын жасақтаған. Қазіргі таңда ел бойынша 327 орман өрт сөндіру станциясы жұмыс істеп тұр.

Мақсат Елемесов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы:

- Көкшетау, Семей, Павлодар, Өскемен және Алматы қалаларының әуежайында сыйымдылығы 5 тоннаға дейінгі су төгетін құрылғылармен жабдықталған бірінші класты тікұшақтардың кезекшілігі ұйымдастырылды. Алгоритмге сәйкес 2026 жылғы өрт қаупі бар кезеңде ірі орман өрттерін сөндіруге ҚР Қорғаныс министрлігінен 7 әуе кемесі және ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінен 22 әуе кемесі қосымша тартылады. Орман иеленушілерде 626 ұшқышсыз ұшу аппараты бар. Өткен жылдармен салыстырғанда ҰҰА-мен патрульдеу саны артты, олар жұмыс режимінде және одан әрі пайдалануға дайын.