Жетісу облысында ғылыми-кинологиялық қолдау орталығы ашылады

Жетісу облысында ит асыраушыларға ғылыми-кинологиялық қолдау көрсететін Ұлттық орталық ашылады.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Халықаралық кинология федерациясының президенті Тамаш Яккельді қабылдау кезінде белгілі болды. Кездесуде қазақы ит тұқымдарын сақтау және тұрақты генетикалық қорын қалыптастыру ісінде халықаралық федерациямен ынтымақтастық келешегі талқыланды.

Ит – қазақ халқының дүниетанымында жеті қазынаның бірі саналады. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тазысын алдын ала тануға оң септігін тигізгені үшін Тамаш Яккельге алғыс айтты. Бұл шешім осыдан 2 жыл бұрын Амстердамда өткен Халықаралық кинология федерациясы Бас комитетінің отырысында қабылданған болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Астанаға қош келдіңіз. Өте қуаныштымын.
Қазақ тазысын алдын ала тануға оң септігін тигізгеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Тазы және төбет тұқымдарын сақтау тек кинология тұрғысынан емес, сондай-ақ дәстүрлі тұрмыс салтымен тығыз байланысты тарихи-мәдени құндылық ретінде айрықша маңызға ие.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі кинология саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Халықаралық кинология федерациясының президентін II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Өз кезегінде Тамаш Яккель қазақ топырағына алғаш рет табаны тигенін айтып, Президент мырзамен кездесу зор мәртебе екенін жеткізді. Кездесу кезінде Мемлекет басшысымен емен-жарқын әңгімелескенін тілге тиек етті.

Тамаш Яккель, Халықаралық кинология федерациясының Президенті:
- Мен Мемлекет басшысына кинологиялық клубты қолдау қаншалықты маңызды екенін айттым. Өйткені біздің федерация франшиза жүйесі ретінде жұмыс істейді. Яғни біз берген кез келген құжат немесе иттің шығу тегі туралы анықтама әлемнің бес құрлығындағы 100 елде мойындалады. Біз қазақ тазысы туралы пікір алмастық. Былтыр Хельсинкиде өткен дүниежүзілік көрмеде төреші болдым, сонда қазақы тазы тұқымын «World winner» атағына лайық деп таптым. Қазақстан кинологтар одағы жасаған ауқымды жұмысты ескерсек, өз шешімімнің дұрыс екеніне күмәнім жоқ.

Құрметті мейманға Ақорда ауласында орнатылған тазы мүсіні көрсетілді. Әрбір асыл тұқымды ит, соның ішінде қазақтың тазысы ұлттық мәдени мұраның бір бөлігі саналады. Сондықтан тазы арқылы Қазақстан дүниежүзілік кинология қоғамдастығында өзінің лайықты орнын тапты.

Барбара Мюллер, Халықаралық кинология федерациясы бас комитетінің мүшесі:
- Мен үшін бұл тың шоу болмақ. Бәрі жоғары деңгейде өтеді деген ойдамын. Жергілікті кинология одағында өз саласының кәнігі мамандары жұмыс істейді. Мен басталғанын тағатсыздана күтіп жүрмін. Әр ит тұқымының ресми стандарты бар. Менің міндетім - стандартқа сайма-сай келетін мінсіз тұқымды табу.

Жүйелі жұмыс нәтижесінде бүгінде Қазақстан кинологтар одағының Бірыңғай асыл тұқымды иттер кітабында 4 мыңға жуық тазы тіркелген. Тиісті заңнамалық актілер қабылданды. Сонымен қатар көп ұзамай Жетісу облысында сұрыптау жұмыстарымен айналысатын және ит асыраушыларға ғылыми-кинологиялық қолдау көрсететін Ұлттық орталық ашылады. Сондай-ақ 2-3 мамыр күндері елордада ит тұқымдарын насихаттауға арналған «Astana Winner» халықаралық көрмесі өтеді. «Қазақстан кинологтары одағы» ұйымдастыратын көрмеде 350-ден астам ит тұқымы таныстырылады. Онда «Қазақ тазысы» деген атпен арнайы көрме алаңы ұйымдастырылады. 

Авторы: Мирлан Алтынбек