Қызылордада Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде аталып өтті

Қызылордада Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде аталып өтті.

Достық пен татулықты ту еткен аймақ жұртшылығы бұл күнді жаппай мерекелік шерумен және ерекше фестивальдермен қарсы алды. Салтанатты шара аясында шаһарда жаңа демалыс аймағы пайдалануға берілді. 

Қызылордада ынтымақ пен береке мейрамы салтанатты шеруден басталды. Отыздан астам этнос өкілі мен қала тұрғындары бір сапта жүріп өтіп, елдегі бейбітшілік пен келісімнің маңыздылығын паш етті.

Бұл жолғы мерекенің форматы өзгеше. Мәселен, салтанатты шараның ашылуында дрондар Мемлекеттік туды көкке көтеріп, көрерменді тәнті етті. Соңынан аспанға бейбітшілік нышаны-ақ көгершіндер мен түрлі-түсті батпырауықтар ұшырылды. Ал “Өмір ағашы” композициясының маңында арнайы көрме ұйымдастырылды. Онда қолөнер бұйымдарымен қатар, аймақтың демографиялық тарихынан сыр шертетін сирек мұрағаттық құжаттар қойылған. Келушілер экспозиция арқылы жергілікті этностардың қалыптасу жолымен тереңірек танысуға мүмкіндік алды. Мерекенің сәнін гүлдер мен құстар фестивалі кіргізді. Қала тұрғындары өздері баптап өсірген сирек өсімдіктері мен әсем үй құстарын жұртшылық назарына ұсынды. Бұл алаң табиғат жанашырлары мен балалар үшін нағыз қызыққа толы демалыс орнына айналды.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұржан Мұзарапшин