Бірлігі бекем, татулығы жарасқан Түркістан

«Бірлігі бекем, татулығы жарасқан Түркістан».

Биыл рухани шаһардағы 1 мамыр мерекесі осындай атаумен өтті. Қазақстан халқының бірлігі күніне орайластырылған шарада достық фестивалі, концерт, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Ел бірлігін нығайтуға үлес қосқан этнос өкілдеріне құрмет көрсетілді.

Түркістандағы татулық пен достық мерекесі «Керуен сарай» туристік кешенінде тойланды. Салтанатты шараға қатысқан өңір басшысы Нұралхан Көшеров жұртшылықты бірлік пен келісім мерекесімен құттықтады. Бірлік біздің басты байлығымыз, болашағымыздың кепілі екенін атап өтті. 

Нұралхан Көшеров, облыс әкімі:

- Біздің басты күшіміз ауызбіршілігімізде. Қазақ жері талай ұлтқа пана болды. Соның нәтижесінде бірлігі жарасқан қоғам қалыптасты. Облысымызда 2 млн-нан астам халық тұрады. Оның ішінде 50-ден астам этнос өкілдері бар. Олардың барлығы бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. 

Өңірде ҚХА жанындағы 6 құрылым мен 11 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Ұлттық киімдерін киіп, жасанған этномәдени орталық өкілдері өздерінің салт-дәстүрін көрсетіп, өнерін ортаға салды. Ал қолөнершілер мен қылқалам шеберлері өз туындыларын жұрт назарына ұсынды.

Фарид Аюпов, облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы:

- Қазақстанда жүзден астам этнос өкілдері өмір сүреді. Отбасымызға амандық, жақсылық, бақыт тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Мейрам құтты болсын. 

Ксения Серенькова, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Біздің өміріміз Қазақстанда ең күшті өмір. Тату-тәтті, бірлік деген ең жақсы нәрсе. Татулық бар жерде тұрақтылық, тұрақтылық бар жерде даму мен өркендеу болады. Сіздерге шын жүректен рахмет! Мен осы жерде өмір сүргеніме, сіздей көрші, досым болғанына. 

Мереке барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, ұзақ жылдар бойы адал әрі жемісті еңбек етіп жүрген этномәдени бірлестік өкілдері марапатталды.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш