Шымкентте мектеп оқушыларының бастамасымен «Достық бағы» ашылды
Игі шара Қазақстан халқының бірлігі күніне орайластырылып, өзара татулықты арттыруға бағытталды.
Енді жас жеткіншектер көшеттерді бірге күтіп-баптайды. Ал алдағы уақытта бұл бастама дәстүрге айналып, кейінгі толқынға аманат етіп тапсырылмақ.
Мектеп ауласында «Достық бағы» ашылды. Бірлікті ту еткен этнос өкілдерінің балалары білек сыбанып, мұнда түрлі ағаш көшеттерін екті. Олар өзара татулықты дәріптеу мақсатында ұлттық нақышта киініп, жасыл желекті бірге күтіп-баптауға уағдаласты.
Раяна Қуат, №45 мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы:
- Ағаш көшеттерін отырғызып жатырмыз. Бұл тек еңбекқорлық емес, бұл біздің достығымыздың символы және де бір-бірімізге деген бауырмалдығымыздың белгісі деп ойлаймын. Біз мектеп бітіріп кеткенімізше өзіміздің отырғызған ағаштарымызға қарап, суарып отыратын боламыз.
№45 мектеп-гимназиясында 15-тен астам этнос өкілінің балалары білім алады. Мектеп ұжымы шәкірттердің арасындағы өзара құрметті арттырып, отансүйгіштік қасиетін нығайтуды көздейді. Осы мақсатта игі шара атаулы мереке қарсаңында арнайы ұйымдастырылды.
Рамиля Искандерова, №45 мектеп-гимназиясының директоры:
- Бұл бақ бізді біріктіре түседі. Мектебімізде көптеген этнос өкілдері білім алатындықтан, 1 мамыр мерекесі қарсаңында осындай игі істі қолға алдық. Енді балалармен бірге осы көшеттерді күтіп, бағбанша мәпелейтін боламыз.
Оқушыларды жан-жақты дамытуға бағытталған іс-шаралар алдымен мектепшілік парламентте талқыланады. Мұнда олардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған «Жас сарбаз», «Еріктілер» және «Пікірсайыс» клубтарының жүйелі жоспары жасалады.
Көркем Саин, №45 мектеп-гимназиясы парламентінің президенті:
- Менің мақсатым – осы мектепте түрлі іс-шаралар өткізу, мектеп көшбасшыларын дамыту және мектепте достық пен мейрамшылықты сақтау.
Мектептегі этносаралық татулықтың арқасында оқушылар бір-бірінің мәдениеті мен дәстүріне ерекше құрметпен қарайды. Осының нәтижесінде балалар арасындағы достық пен өзара сыйластық нығая түскен. «Енді «Достық бағы олардың еңбекқорлық қасиеттерін шыңдауға септігін тигізеді», - дейді мамандар.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов