Қазақ тазысын халықаралық төрешілер сынады
Қазақтың құмай тазысын әлем мойындайтын күн алыс емес. Бұл туралы Халықаралық кинология федерациясының президенті Тамаш Яккель мәлімдеді.
Бүгін елордада асыл тұқымды итті насихаттауға арналған «Astana Winner» халықаралық көрмесі өтіп жатыр. «Қазақстан кинологтары одағы» ұйымдастыратын көрмеде 400-ге жуық ит тұқымы таныстырылып, баға берілді. Ал құмайлар «Қазақ тазысы» деген атпен арнайы көрме алаңында сыналды.
Айнұр Қуатқызы, тілші:
- Тазыны қазақ ежелден «жеті қазынаның» біріне теліп, басқа иттерден ерекшелей түскен. Ол – жаратылысынан алғыр, аңшылық иті. Төрешілер бүгінгі сынаққа қатысқан тазылардан да сол сырттандықты іздеді. Сымбатына сай алғырлығы, жыртқыштан сескенбейтін қылығын байқап бақты. Ендігі мақсат – саннан сапаға көшсек дейді.
Қазақ тазысының сапасын арттыру қажет. Ол үшін сан ғасырдан келе жатқан табиғи сұрыптаудан өткізу маңызды. Бүгін осы мақсатта «Қазақстан кинологтар одағы» тазы тұқымына арналған сынақтар өткізді. Құмай тазының тұқымы былғанбаған болуы керек. Болмысы бөлек жануарды сынаған мамандар осылай дейді. Халықаралық көрмеге 60-тан астам тазы қатысты. Жалпы тазы қырағы, қыр астында қыбыр еткен түз тағысын көзі шалады, әрі жүйрік келеді. Бүгінгі төрешілер де дәстүрден айнымай, иттердің жылдамдығы мен төзімін бағалады.
Бауыржан Серікқали, Қазақстан кинологтар одағының президенті:
- Талаптан жоғары өзімізге де талап қойып отырмыз. Түс генетикасы деген бар. Тек тазыға тиесілі жүнінің түсін зерттеуге дайындалып жатырмыз. Біз тұқымымызды дамытуымыз керек. Денсаулығын қадағалауымыз керек. Ең маңыздысы, бүкіл әлемге насихаттап таныту қажет. Басқа ит асыраушылардың қызығушылығын туғызу керек.
Ал ақмолалық Аян Досманов бүгінде 15 құмайдың бабын тауып отыр. Асыл тұқымды жануардың үшеуін бүгінгі көрмеге алып келіпті. Төрешілер бәріне жоғары баға берді.
Аян Досманов, тазы иесі:
- Тазының тазалығы ұнайды. Адамға шаппайды ғой, сонысы жақсы. Ең жүйрік тазы стандартқа сай болу керек. Осы Лейси деген тазым 2023 жылы екінші орын алған.
Жүйелі жұмыстың нәтижесінде бүгінде Қазақстан кинологтар одағының «Бірыңғай асыл тұқымды иттер» кітабында 4 мыңға жуық тазы тіркелген. Тиісті заңнамалық талаптар қабылданды. Енді әлемнің мойындағаны қажет. Бұл күн де алыс емес. Халықаралық ұйымның талабы бойынша алдағы 8 жылда қазақтың тазысын асыл тұқымды құмай деп таниды.
Тамаш Яккель, Халықаралық кинология федерациясының президенті:
- Қазақ тазысын әлемге таныту бағытында нақты шаралар осыдан екі жыл бұрын басталған. Бірінші кезеңі оң нәтижемен өтті. Енді құмайды толық мойындау үшін бізге әлі кемінде 8 жыл жұмыс істеу қажет. Яғни біз беретін кез келген құжат немесе иттің шығу тегі туралы анықтама әлемнің бес құрлығындағы 100 елде мойындалады. Қазақстан кинологтар одағы жасаған ауқымды жұмысты ескерсек, қазақ тазысын әлем мойындайды дегенге күмәнім жоқ.
Бас қалада өтіп жатқан халықаралық көрмеде елімізбен қатар алыс-жақын шет елден келген 400-ге жуық ит тұқымы таныстырылды. Ал «Қазақ тазысы» арнайы көрме алаңында сыналды.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Мұрат Әріпханов