Жетісу облысында «Сиверс» алмасы гүлдеді

Жетісу облысында «Сиверс» алма ағашының гүлдеуіне орай ауқымды фестиваль басталды.

Айтулы шара «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркінде тоғыз жыл бойы ұйымдастырылып келеді. Оған 15 мыңнан аса адам қатысқан. Ұлтымыздың табиғи мұрасын тамашалауға туристер де көп барады.

Жұпар иісі аңқыған «Сиверс» алма ағашы жер бетіндегі мәдени алманың түп негізі арғы тегі болып есептеледі. Оны алғаш рет ХVІІІ ғасырдың соңында неміс биологы  Иоган Сиверс Орта Азияға жасаған сапарында жазған. Сол себепті жеміс ағашына ғалымның аты берілген. Одан кейінгі кезде Николай Вавилов, Аймақ Жанғалиев, Мағжан Исин, Құралай Кәрібаева сынды ғалымдар зерттеді. Ал 2000 жылдардың басында Оксфорд университетінің профессоры Бэрри Джунипер молекулалық-генетикалық талдаулар нәтижесінде аталған фактыны  дәлелдеді. Қазір ұлттық парк аумағындағы 4 мың га жерде сиверс ағашы өседі. Бұл дүниежүзіндегі жабайы алманың тең жартысына жуығы. Қорықшылар ұлттың табиғи мұрасына баланған орманды алқапты қорғау және көбейту жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.

Марат Қабиев, «Жоңғар Алатауы» МҰТП директоры:

- Он жылдан бері «Сиверс» алмасының көшетін тауға егіп жатырмыз. Жылына 30 гектарды игеріп отырмыз. Ол 30 гектарға 60-65 мың көшет егіліп отыр. 300-ден астам гектарға 500 мыңнан астам көшет егіп отырмыз.

Гауһар Мұқан, Ботаника және фитоинтродукция институтының зертхана меңгерушісі:

- Бүгінгі фестивальға бес мыңнан аса адам келді. Туристер үшін ат шаптырым аумаққа киіз үйлер тігіліп, аударыспақ, қол күресі, тоғызқұмалақ, садақ ату сынды ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды. Қолөнер шеберлері салт-дәстүрімізді дәріптесе, кәсіби суретшілер табиғат сұлулығын бейнеледі. Тау бөктеріндегі алма ағашының гүлдеген сәтін көруге де мүмкіндік жасалды.

Бұл туризмді дамыту мақсатында өңірде өткізілген  ең ауқымды фестиваль. Алдағы уақытта облыста осындай шаралар ұйымдастырылады.

Аймақтағы туризмді дамытуға ұлттық парк қызметкерлері де үлес қосып келеді. Биыл тұмса табиғат аясында тынығушылар үшін 15 туристік бағыт әзірленіп отыр. Жалпы Жетісу облысына биыл 2 млннан аса турист келеді деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев