Қарағанды облысында соғыс құрбандарына тағзым етілді
Қарағанды облысының барлық қала-аудандарында Жеңістің 81 жылдығына арналған еске алу шаралары өтті.
Кеншілер қаласында «Мәңгілік алау» мемориалына гүл шоқтары қойылды. Реквием-митингке облыс басшылығы, әскери қызметшілер, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық бірлестіктер мен қала тұрғындары қатысты.
«Мәңгілік алау» басына жиналғандар екінші дұниежүзілік соғыс құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Қарағанды облысынан 60 мың адам майданға аттанып, 25 мыңы қаза тапты. 9 мың адам хабар-ошарсыз кеткен. Ерлігі үшін 34 қарағандылыққа Кеңес Одағының Батыры атағы, тағы 13 адамға Даңқ ордені берілген.
Вилен Молотов-Лучанский, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
- Бүгін соғыс құрбандарының рухына тағзым ету үшін халық көп жиналды. Жылда солай. Себебі бұл адамзат тарихындағы ең ауыр, қасіретті соғыс болды. Әрбір шаңырақтың тағдырына тікелей әсер еткен ортақ трагедия. Сондықтан біздерге осы бейбіт заманды мұра еткен боздақтарды еске алып, ардагерлерімізді ардақтау парызымыз.
Бекболат Шәкіров, Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы:
- Бүкіл ардагерлерді шын жүректен құттықтаймын. Зор денсаулық тілеймін. Елімізге аманшылық, отанымызға тыныштық, жұмысымыз әрқашан алға баса берсін!
Дәстүр бойынша облыс басшылығы соғыс ардагерлерін арнайы барып, құттықтады. Қазіргі таңда өңірде алты ардагер тұрады. Солардың бірі – Мария Шинкевич. Биыл қарт майдангер 101 жасқа толды. Небәрі 19 жасында соғысқа аттанып, Беларусь және Украина жеріндегі талай кескілескен ұрыстарға қатысқан. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ардагерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жеңіс күніне арналған құттықтауын жеткізді.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
- Сізді шын жүректен жеңіс күнімен құттықтаймын! Бұл қайтпас қайсар және үлкен рухты толқынның мерекесі! Қасіретті соғыс жылдары барлық қиындықтарды еңсеріп, келешек ұрпаққа бейбітшілікті сақтап қалдыңыздар. Сіздердің өмір жолдарыңыз өскелең ұрпақ үшін нағыз патриотизмнің үлгісі!
Жеңістің 81 жылдығына орай өңірдегі барлық қала, аудандарда патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері – бейбіт күннің шамшырағы, ерлік пен елдіктің символы. Сондықтан олар қандай құрметке болса да, лайықты.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит