Атырауда бірқатар ірі кәсіпорын ашылады
Атырау облысында тозған жерлер заманауи әдіспен қалпына келтіріліп, тұрмыстық қалдықтан электр энергиясы өндірілмек.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов Қытай Халық Республикасымен осындай бағыттарда инвестициялық жобалар бойынша меморандумға қол қойды. Бұл өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек.
Атырау облысы үшін шөлейтті аумақтарды көгалдандырып, тозған жерлерді қалпына келтіру кезек күттірмейтін іс. Себебі соңғы 3 жылда өңірде шаңды дауыл жиіледі.
Осы мәселені шешу мақсатында «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, «Shandong Land Development Group» және «ЕвразияКонстракшн» компаниясы ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Тараптар көгалдандыру жұмыстарын күшейтіп, заманауи технологиялар енгізуді көздейді.
Данияр Таханов, "Атырау" ӘКК" АҚ Басқарма төрағасы:
- 38 мың гектар жерді көгалдандыруға қатысты жоба бойынша меморандумға қол қойылды. Құжат аясында ғылыми-зерттеу институты құрылып, біздің климатқа бейімделген көшеттер егіледі. Бұның бәрі облыс аумағын көгалдандыруға, құм көшкінін шектеуге және топырақ қабатын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Қытайлық әріптестермен мұнайлы өңірде тәулігіне 600 тонна қатты тұрмыстық қалдықты өңдеп, одан электр энергиясын өндіретін зауыт салу мәселесі талқыланды. Жобаның инвестициялық құны 93 миллион долларға бағаланған. Жоспар жүзеге асырылса, 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Сәттіғұл Сабыров, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары:
- Өңір үшін жобаның маңызы зор. Жиналған қоқысты қайта өңдеу мәселесі қай уақытта да өзекті. Бұл жоба полигондарға түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, қалдықтардан электр қуатын өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар экологиялық ахуалды жақсартып, өңірдегі санитарлық қауіпсіздікті арттыруға ықпал етеді. Бұл Атырау облысының экологиялық тұрақтылығы мен индустриялық дамуына бағытталған маңызды бастама болады деп ойлаймыз.
Сонымен қатар атыраулық делегация шыныны терең өңдеуге арналған автоматтандырылған технологиялар компаниясының жұмысымен танысты. Кездесу аясында Атырау облысында шыны өндіру және шыныны шыңдау жобасын жүзеге асыру жөнінде меморандум жасалды. Биыл қолға алынатын жобаның бастапқы инвестициясы 10 миллион доллардан асады.
Асланбек Шығыр, Жандос Рахметуллин