Таразда тозған жылу құбырлары жаңартылады

Таразда төрт шағын ауданды жылумен қамтитын магистральды желі 70 пайызға тозған.

Әр жылыту маусымында құбырлар тесіліп, қиындық тудырады. Осыған байланысты жылыту жүйесін жаңғырту жұмыстары басталып, ауқымды жобаға 2 миллиард теңге бөлінді.   

Мерей Бает, тілші:

- «М3» магистральды желісі 1977 жылы салынған. Жобалық пайдалану мерзімі 25 жыл деп белгіленген. Алайда арада жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, құбыр әлі күнге дейін қолданыста. Салдарынан жылу желілерінің тозу деңгейі 70 проценке жеткен. Жылыту маусымы басталысымен мұндағы құбырлар жиі тесіліп, апаттар қайталана береді.

Мәселені шешу үшін былтыр республикалық бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді. Осылайша 1,4 шақырым құбырдың жартысы ауыстырылды. Биыл қалған бөлігі жаңғыртылып жатыр.

Ғани Әлімбаев, "Таразтрансэнерго"  МКК бас инженері:

- Қазір демонтаж жұмыстары жүріп жатыр. 26 сәуір күні басталды. Скл Ескі құбырлар алынады, диаметрі 500-дік орнана жаңа құбыр қойылады ППУ. Заманауи бүгінгі талапқа сәйкес құбырлар қойылады. Сырты иззолияциямен зауыттан қапталған.

«М3» магистральды желісі 4 шағын аудандағы 100-ден аса көпқабатты үй мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етеді. Жаңарту жұмыстарын жылыту маусымы басталғанша аяқтау көзделген.

Дмитрий Клыпа, құрылыс алаңының басшысы:

- Қазір 350 метр ескі құбырға демонтаж жасадық. Мұндағы бетон жабындылардың бәрін алып, тозып шіріп кеткен құбырларды шығарып жатырмыз. 3-4 күнде монтаждау жұмысына кіріссек деп жоспарлап отырмыз. Демалыс күндері де тоқтаусыз жұмыс істеудеміз. Құрылысты кестеге сай аяқтаймыз. 

Қазір шағын аудандардағы ішкі жылу желілерінің тозуы 65-70 пайыз шамасында. Осыған байланысты екі ықшам ауданда жаңғырту жұмыстары басталды. Жалпы шаһардағы жылу жүйесінің ұзындығы 229 шақырымға жетеді. Оларды жаңғырту мақсатында биыл 7 жоба жасалып, республикалық бюджетке өтінім берілді. Жобалар қолдау тапса, құбырлардың тозу деңгейі 51 процентке дейін төмендейді.

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә