Шымкентте 174 рет еңбек заңнамасын бұзу дерегі анықталды

Шымкентте 11 мыңға жуық жұмысшының әлеуметтік құқығы бұзылды.

Мемлекеттік еңбек инспекторларының тексерісі нәтижесінде оларға зейнетақы жарналары аударылмағаны анықталды. Сонымен қатар, 3 мыңға жуық тұрғынның ешқандай келісімшартсыз жұмысқа тартылғаны белгілі болды. Жыл басынан бері уәкілетті органға 1141 арыз-шағым түсіп, 174 заң бұзушылық тіркелген. Осыған байланысты 33 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көбіне кәсіпорындар мен өндіріс ошақтарында арнайы киім, қорғаныш құралдары мен қажетті жабдықтар жетіспейді. Техникалық қауіпсіздіктің сақталмауынан 7 адам түрлі дене жарақатын алып, 2 адам қаза тапты. Қазір құзырлы орган тергеу жүргізіп жатыр. 

Серік Әлиманов, мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысының орынбасары:

- Биылғы жылы есептің кезеңде 9 жазатайым оқиға орын алды. Оның жетеуі ауыр дене жарақаты. Аяғының сынуы, қолының сынуы деген сияқты. Екеуі адам өлімімен аяқталды. Біз осы мәселені анықтап, арнайы тексеру комиссиясы құрылып, тексеру жұмыстарын жүргізіп әрі қарай құқықтық бағасын беру үшін Ішкі істер органдарына жолданған ол материалдар.