Алматы облысында шұбат экспорты екі есе артады

Елде түйе саны 300 мың басқа жуықтағанын айттық. Ойсылқара төлі негізінен Маңғыстау мен Қызылорда өңірлерінде көп.

Ал Алматы облысында 9 мың 200 бас түйе бар. Өңірдің ата кәсіппен айналысатын шаруалары Қытайға ай сайын 20 тонна құрғатылған түйе сүтін экспорттап отыр. Алдағы уақытта өндіріс көлемін екі-үш есеге дейін арттырып, Еуропа мен АҚШ нарығына шығу жоспары бар. Ол үшін өндіріске кемі 20 млрд теңге инвестиция құюды көздейді. 

Сыдық Дәулетов ширек ғасырдан астам уақыт түйе шаруашылығымен айналысады.   Бастапқыда қожалығында бір ғана түйе болса, қазір Ойсылқара тұқымының саны 5 мыңнан асты. Кәсіпкер болашақта түйе санын 15 мың басқа жеткізіп, шұбат экспортын 2-3 есе дейін ұлғайтқысы келеді.  

Сыдық Дәулетов, кәсіпкер:

- Сондықтан біз қазір тәулігіне 5 тоннадан 10 тоннаға дейін түйе сүтін сауамыз. Оны бөліп айтып отырғаным, біз қыс айында 5 тонна сауамыз. Жаз айы сүттің өте мол кезі. Себебі түйе екі жылда бір боталайды. Қазіргі таңда 1,5-2 мыңға жуық түйе сауылады. Ол да әрине, оңай шаруа емес. Алайда Қытайға құрғақ түйе сүтін экспорттағалы біздің жағдайымыз дұрыстала бастады.

Күрті ауылдық округінің орталығы Ақши ауылында түйе сүтін өңдейтін зауыт салынып, жұмыс істей бастағанына бірнеше жылдың жүзі болды. Кәсіпорын 200-ге жуық жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. 

Анар Қалбаева, технолог:

- Басында сауыншы болғанмын. Сауын сауып, зауытымыз ашылып, осы жерге келіп, өнім шығарып, үйреніп, технолог болғанбыз. Негізгі менің жұмысым осы жерде ұнтақ шығару. Барлығы талаптарға сай сүзіледі, фильтрден өтеді, 85 градуста пісіріледі. Содан кейін қоюлану процесі жүреді. Одан кейін ұнтақ болады.

Кәсіпорында ай сайын 30 тонна құрғақ сүт өндіріледі. Өнімнің 80 пайызы Қытайға   экспортталады. Құрғатылған сүттің әр келісін мемлекет субсидиялайды. Бүгінде табиғи таза өнімге деген сұраныс артып келеді. Ал түйе сүті түрлі дәруменге өте бай.

 

Сыдық Дәулетов, кәсіпкер:

- Қазақстанда кәсіп істеймін деген, шаруамен айналысамын деген адамға барлық жағдай жасалған. Бізде кәсіпте ең қиыны шығарған өнімдерің өтпей жатса, сол қиын. Ал түйе сүтіне, оның шұбатына деген, оның құрт-ірімшігіне деген сұраныс әлемде күннен күнге артып келе жатыр. Себебі әлемде халық саны өсіп келе жатыр. Біз енді мынау балалар ішетін тағамға өтсек дейміз. Оның заңы, тәртібі өте қиын.

Кәсіпорын бұл бағытта Еуропаның озық технологиясымен жұмыс істейтін компаниялардың бірімен келісімшарт жасасты. Кәсіпкер алдағы уақытта Алматы облысынан тәулігіне 50-100 тоннаға дейін сүт өңдейтін Орталық Азиядағы ең үлкен зауыт салуды жоспарлап отыр. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін 20 млрд теңге инвестиция салмақшы.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов