Алматыда ауыр қылмыстарға қатысы бар қылмыстық топ ұсталды
Алматыда 8 мамыр күні полиция қызметкерлері 10 адамнан тұратын қылмыстық топ мүшелерін ұстады, деп хабарлайды «24KZ».
Полицияның мәліметінше, олардың қатарында бұрын сотталған қылмыс әлемінің өкілдері де бар. Күдіктілер мегаполис аумағында жасалған бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыстарға, оның ішінде қару қолданылған бұзақылық, бопсалау, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, сондай-ақ қару-жарақ пен өзге де тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікке ілінді.
Тінту кезінде едәуір көлемде қару-жарақ пен өзге де заттар тәркіленді. Мысалы, күдіктілердің бірінің тұрғылықты жерінен бірнеше бірлік атыс және травматикалық қару, оның ішінде шолақ мылтықтар мен оқ-дәрілер, Калашников автоматы табылды. Аталған қару кезінде Жамбыл облысы полиция департаментінен ұрланған.
Күдіктілердің барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды, -делінген хабарламада.
Құқыққа қарсы әрекеттердің қосымша эпизодтарын және өзге де қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу және жедел іс-шаралар жалғасады.