Ақтаулық отбасы үй ауласын көгалдандырды

Ақтауда көпқабатты үйдің ауласы баққа айналды. Экоерікті Гүлайым Қибастың бастамасын жақындары қолдап, бастапқыда бірнеше тал еккен. 

Ал биыл жеміс ағаштары мен гүл көшеттерін әкелген. Көп уақытын жасыл желек күтіміне арнайтын белсенді әйел әлеуметтік желіде блог жүргізіп, тұрғындарды қоршаған ортаны ластамауға, қоқыс тастамауға үндеп жүр. 

№7 ықшам ауданда тұрғын үй ауласында шағын бақ жайқалып тұр. Асқар Жолдасовтың жанұясы өздері еккен жасыл желек күтімімен күн сайын айналысады. Арам шөбін жұлып, жас көшеттерді суарады. Биыл олар бұтатектес өсімдіктер мен раушан, мамыргүл егуді қолға алыпты. Жас өскіндер жаңбырлы көктемде бүршік жарып, тез жетілген. 

Асқар Жолдасов, қала тұрғыны:

- Жасыл желек күтімімен айналысу отбасымыз үшін сүйікті ісімізге айналды. Бақ егуді екі жыл бұрын бастадық. Содан бері бір жарым сотық жерге жеміс пен тал көшеті  егілді. Көшеде өткен адамдар жұмысымызды бағалап, алғысын айтып кетеді.

Гүлайым Қибас әлеуметтік желіде блог жүргізеді. Ғаламтор қолданушыларға пластик өнімдерінің табиғатқа зиянын түсіндіріп, қоғамдық орынды ластамауға шақырады. Эковолонтер бұрын қолданыста болған ескі жиһаз, ыдыс-аяқ, тұрмыстық заттарды өз пәтерінде коллекция ретінде жинап жүр. «Кезінде жоғары сапада жасалған бұйымды қоқысқа тастағанша, мәселен үйіңізді винтаждық стильде әсемдеуге қолданған әлдеқайда тиімді» - дейді ол. 

Гүлайым Қибас, қала тұрғыны:

- Неге бұрынғы? Себебі олар сапалы. Ауыр ағаштан жасалған заттар. Адамға ешқандай зияны жоқ. Бір әдемі стол қалған шығар, немесе дастархан қалған болар әжемізден. Мұның барлығын лақтыруға тырыспай, қазіргі заманғы интерьерге жәймендеп енгізе беруіміз керек. Сонда адам өзінің тарихын сақтайды деген сөз.

Асқар мен Гүлайым балаларымен бірге «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысып келеді. Олардың қоршаған ортаны қорғауға қосқан еңбегі ескерусіз қалмай, облыс әкімдігі ұйымдастырған байқауда «Экоотбасы» аталымы бойынша қаржылай сыйлыққа ие болды. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев