Ясауи еңбектері түркі жұртына ортақ мұра

Түркістанда «Түркі әлемі және Ясауи мұрасы: өркениеттер тоғысындағы мәдени үндестік» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастырған жиында түркі мемлекеттерінің ғалымдары Ясауи мұрасын кеңінен насихаттауға қатысты мәселелерді талқылады.

Түркі мемлекеттер ұйымының бейресми саммиті қарсаңында түркітілдес елдерден келген 30-ға жуық ғылыми қауымдастық, халықаралық ұйымдардың өкілдері, жетекші ғалымдар, ясауи және түркітанушылар мен шығыстанушылар Түркістанда бас қосты. Негізгі мақсат - Ясауи ілімі мен мұрасын кеңінен насихаттау. Көршілес елдердің архивінде жатқан  қолжазбаларды зерделеп, жарыққа шығару,-дейді ғалымдар.

Махмуд Эрол Кылыч, Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығының бас директоры:

- Еуропаның ұлы ойшылы Аристотель болса, түркі мемлекеттерінің рухани ұстазы Қожа Ахмет Ясауи. Ал толық адам ілімін қалыптастыруда Ясауидің еңбектері маңызды роль атқарады. Бүгінгі күні Түркияның өзінде 60-қа жуық ғалым Ясауи мұрасын зерттеумен айналысады.  Біз ғұламаның хикметтері мен сирек кездесетін қолжазбаларын жаңа қырынан танып, зерделеуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі басқосу соның бастамасы деп білемін.

Халықаралық жиынға қатысушылар ұлы ойшылдың еңбектері кеңес заманында бір жақты зерттелгенін атап өтті. Ұлы ойшылдың хикметтері мен сирек кездестін қолжазбалары бүгінгі күн тұрғысынан қайта саралауды қажет ететінін жеткізді. Сондықтан зерттеу халықаралық деңгейде жүргізілу керек деп есептейді. Бұл түбі бір түркі жұртының басын қосып, бірлігін нығайтуға сеп болмақ. 

Қуанычбек Омуралиев, Түркі мемлекеттері ұйымы хатшылығының бас хатшысы:

- Ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің артында қалдырған рухани мұрасы түркі халықтарын біріктіруде ерекше маңызға ие. Оның адамзат баласын білімге, мәдениетке, парасаттылыққа үндеген шығармалары жас ұрпақты тәрбиелеуде негізгі құрал болып табылады. Сондықтан Ясауи мұрасын насихаттап, түркі халықтарының арасында кеңінен тарату қажет. Түркістан өтіп жатқан саммит  барысында осы мәселелер кеңінен талқыланады.

Ауқымды ғылыми іс-шара барысында ғалымдар ортақ мәдени мұраны сақтау мен жаңғырту бағытында тәжірибе алмасты. Саммит аясында өтіп жатқан бұл жиын түркі өркениетіне ортақ тұлғалардың рухани және ғылыми мұрасын жаңа қырынан зерделеуге жол ашатыны анық.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ернболат Әбіш