Ақтөбеде цифрлық қауіпсіздік мәселесі түсіндірілді

Азаматтардың жеке деректерін қорғау мәселесі қалың бұқараның талқысынан өтуі тиіс. Осыған орай арнайы жоба құрылып, сарапшылар өңірлерді аралайды.

Ақтөбеде цифрлық қауіпсіздік тақырыбына қатысты ғылыми семинар өтті. Онда жаңа Конституцияда бекітілген цифрлық құқықтар туралы нормалар талқыланды. 

Мемлекеттік дамудың стратегиялық бағытының бірі - цифрлық трансформация жағдайында тұрақты құқықтық орта қалыптастыру. Сондықтан ғылыми-сараптамалық қауымдастықтың міндеті – цифрлық технологиялардың дамуы мен ақпарат ағынының үдеуі салдарынан туындаған онлайн қауіп-қатердің алдын алу.

Майра Дүйсенбекова, «Астана» Халықаралық университеті ғылыми тобының жетекшісі:

- Бұл жобада бізде негізгі қарастырылатын осы цифрлық технология, жұмсақ күш, конституциялық реформаларға байланысты жеке деректерді қалай қорғау мәселесі бойынша халықтың қандай ұсынысы бар? Жалпы ұсыныстарды жинай отырып, біз мемлекеттік органдарға ұсыныстар жасауға тырысып жүрген жайымыз бар.

Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы интернет кеңістігіндегі қауіпсіздікке жаңа талап қойғаны ақиқат. Бұл орайда жекелеген азаматтармен қатар мемлекеттік құрылымдарға да қатер бар.

Қарғаш Жанпейісова, «Астана» Халықаралық университеті ғылыми тобының мүшесі:

- Қазақстан дербес деректерді қорғау бойынша әлемдік рейтингте 78-орынды алатын болса, мысалы үшін Эстония мемлекеті үшінші орында тұр. Демек Қазақстан үшін әлі де осы сұрақты жан жақты қарастыру, құқықтық негіздеу, жүйелеу, осы ақпараттық қауіпсіздікті өамтамассыз ету үшін осындай алдыңғы қатарлы рейтиңтегі мемлекеттердің модельдерін қарастыруда дұрыс деп есептейміз.

Ақтөбе облысы әкімдігі мен Астана университеті ұйымдастырған жиында арнайы жоба сарапшылары жаңа Конституция нормаларын түсіндіріп, цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов