Алматы облысында қалдықтарды қайта өңдейтін 8 зауыт салынады
Алматы облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу саласында жалпы құны 148,8 млрд теңге болатын 8 ірі инвестициялық жоба іске асырылады, деп хабарлайды «24KZ».
Облыс әкімдігінің мәліметінше, өңірде жеке инвестицияларды тарта отырып, қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи толыққанды жүйесін қалыптастыруға басымдық берілуде. Жоспарланған жобалар қатарында электр энергиясын өндіретін қоқыс жағу зауытының құрылысы, тағам қалдықтарын өңдеу кешенін іске қосу, қоқысты сұрыптау кешені мен биоэлектр станциясын салу көзделген.
Бұл жобалар жүзеге асқанда 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар өңірде қайталама шикізатты қайта өңдеумен айналысатын бірқатар кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда Алматы облысында пластик, макулатура, шыны және тозған автодөңгелектерді сұрыптап, қайта өңдейтін 6 ірі және бірнеше шағын кәсіпорын бар. Олар жыл сайын 184 мың тоннадан астам қалдықты сұрыптап, қайта өңдейді.