Қызылордада 600 отбасы қоныс тойын тойлады
Пәтер кілтін тапсыру салтанатына облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты.
Бұл тұрғын үйлер облыс орталығының сол жағалауындағы жаңа ықшам ауданнан бой көтерді.
Қызылорда қаласының сол жағалауы жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй қатары артып отыр. Қаланың бұл бөлігі тағы 10 тұрғын үймен толықты. Тұрғындарға кілті табысталған 600 пәтердің жалпы аумағы 33 мың шаршы метрден асады. «Мемлекет басшысының тапсырмасы аясындағы игі бастамалар жалғасын табады», - деді Мұрат Ергешбаев.
Мұрат Ергешбаев, облыс әкімі:
- Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы: "Қолжетімді баспана — ол арман емес, ол халқымызға жасалатын міндет" деген. Сондықтан Мемлекет басшысының саясатын іске асыруға Сыр өңірінде қарқынды жұмыс атқарылуда.
Тұрғын үй кешенінің аумағында екі футбол, төрт спорт және ойын алаңы бар. 250 орынды автотұрақ пен тынығу аймағы да қарастырылған.
Гүлсара Тұяқова, қала тұрғыны:
- Көп балалыларға қолдау көрсетіп, үйлі-баспаналы болып жатқан мүмкіндігіміз өте көп. Балалардың несібесіне қарай үйлі болып жатырмын. Керемет үйіміздің іші биік, әдемі, жарық. Бөлмелерінің бәрі әдемі, кең.
Қызылордада тұрғын үй құрылысының қарқыны бәсеңдемейді. Аймақта баспана кезегін азайту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Мәселен, биылдың өзінде өңірде 2400 пәтердің құрылысын жүргізу жоспарланған. Бұл мақсатқа бюджеттен 55 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп отыр.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев