Министр әскердің жауынгерлік әзірлігін жетілдіруді тапсырды 

Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың төрағалығымен ведомствоның кеңейтілген алқа отырысы өтті. 

Жиын 2026 жылғы қысқы оқу кезеңінің қорытындысына арналды. Қорғаныс министрі әскерлердің жауынгерлік, жұмылдыру дайындығы мен жауынгерлік қабілетін, олардың техникалық жабдықталуын, сондай-ақ басқару және дайындық процестерін цифрландыруды одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті.

Ол сондай-ақ армияны заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен, әсіресе әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерімен, ұшқышсыз басқарылатын аппараттарымен, артиллериямен, зымыран кешендерімен және оқ-дәрілермен жарақтандыру, сонымен қатар әскерлер мен қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарында техниканы жөндеу қарқынын арттыру басым бағыт екеніне тоқталды. Жиында қысқы оқу кезеңіндегі әскерлердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігі туралы баяндалып, жауынгерлік даярлық бағдарламасы қайта қаралғаны туралы есеп берілді. Сондай-ақ әскердің техникалық жарақталуы жөнінде баяндама жасалды. Алқа отырысының қорытындысы бойынша ведомство басшысы еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру үшін бірқатар міндеттер қойды.