5 ЖЭО «қызыл аймақтан» шығарылды
Үкімет резервінен Степногорск пен Көкшетаутың жылу желілерін жөндеуге 4 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді.
Тиісті Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Қаражаттың негізгі бөлігі Степногорск қаласындағы 7,5 шақырым құбырды жөндеу жобасын аяқтауға жұмсалады. Қалғаны облыс орталығының №1 және №2 қазандықтарын қалпына келтіруге бағытталады. Былтыр ел бойынша 10 энергеблок, 63 қазандық және 39 турбинаға күрделі жөндеу жүргізілді. 323 шақырым жылу желісі жаңартылды. Соның нәтижесінде ескі жылу электр орталықтарының бесеуі қызыл аймақтан сарыға, тағы үшеуі сарыдан жасыл аймаққа көшірілді.
Елдос Рамазанов, Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары:
- 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындыққа облыстық бюджеттен отын сатып алу және жөндеу жұмыстарын жүргізу шығындарын қоса алғанда 15 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылды.