Қазақстан - Кения: Орта Азия мен Африка арасындағы алтын көпір
Қазақстан мен Кения президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен өткен келіссөз барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жайы талқыланды. Мемлекет басшысы Кения Қазақстанның Африка құрлығындағы маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Тиісінше, Президент қос мемлекет арасында көлік бағдарларын байланыстырып, инвестициялар мен тың мүмкіндіктерге жол ашу арқылы Орталық Азия мен Африка арасына Қазақстан мен Кения дәнекер бола алатынын жеткізді. Сондай-ақ алыс-беріс пен инвестиция мүмкіндіктерін кеңейту үшін Іскерлік кеңес құруды ұсынды. Ал Уильям Руто Қасым-Жомарт Тоқаевпен 2023 жылы Нью-Йорк қаласында өткен Біріккен ұлттар ұйымының Бас Ассамблеясының сессиясы аясында кездескенін еске салды. Нәтижесінде бұл кездесу екі ел арасында 1993 жылы қаланған қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға негіз болғанына баса назар аударды.